Иранда Нобель сыйлығының лауреаты 7,5 жылға түрмеге қамалды
Ирандық құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының лауреаты (2023) Наргиз Мохаммади 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейінгі 20 жыл ішінде ел билігі оны режимге қарсы шыққаны үшін бірнеше мәрте түрмеге жапқан.
53 жастағы құқық қорғаушы 2025 жылғы 12 желтоқсанда адвокат әрі құқық қорғаушы Хосров Аликордидің асына қатысқан кезде ұсталған. Ал 2026 жылғы 2 ақпанда ол түрмеде аштық жариялаған. 8 ақпанда сот оны
– «жиналыстарға қатысу және қылмыс жасау мақсатындағы сөз байласу» бабы бойынша 6 жылға,
– «үгіт-насихат жүргізу» бабы бойынша 1,5 жылға соттаған.
Сонымен қатар, жазасын өтеп шыққаннан кейін оған 2 жыл елден шығуға тыйым салынады, әрі сол мерзімде Хусф қаласында тұруға міндеттеледі.
Мохаммадидің адвокаты Мұстафа Нилидің айтуынша, үш күн бұрын оның денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген, алайда кейін қайтадан қамауға алынған. Адвокат құқық қорғаушының денсаулығын ескере отырып, оны кепілмен уақытша босатып, ем қабылдауға мүмкіндік берілуі мүмкін деп үміттенеді.
Наргиз Мохаммади – Ирандағы Құқық қорғаушылар орталығының вице-президенті. Ол соңғы 20 жылда билікке қарсы көзқарасы, журналистік және құқық қорғау қызметі үшін 13 рет қамауға алынған. Жаңа үкімді есептемегенде, оған тағайындалған жалпы жаза 31 жыл, соның 10 жылын ол өтеп үлгерген.
Атап айтқанда, 2021 жылы ол «мемлекетке қарсы үгіт-насихат» үшін 2,5 жыл түрмеге және 80 дүре соғу жазасына кесілген. 2024 жылғы желтоқсанда денсаулығына байланысты үш аптаға босатылып, кейін бұл мерзім ұзартылған.
Қолдаушыларының айтуынша, Мохаммади түрмеде бірнеше рет жүрек талмасын өткерген, 2022 жылы оған шұғыл ота жасалған. 2024 жылдың соңында дәрігерлер оның сүйегінен ісік анықтап, кейін ол алынған.
Иранда тағы үш саясаткер ұсталды
8 ақпанда Иран билігі тағы үш саясаткерді қамауға алды. Олар:
– оппозициялық «Реформалар майданы» альянсының жетекшісі, 60 жастағы Азар Мансури,
– Иран парламентінің бұрынғы депутаты, 70 жастағы Ибрахим Асгарзаде (1988–1992),
– бұрынғы сыртқы істер вице-министрі, 68 жастағы Мохсен Минзаде (1997–2005).
Иранның мемлекеттік Fars агенттігінің мәліметінше, олар «ұлттық бірлікті бұзу», конституцияны бұзу, «жаулық сипаттағы үгітті ұйымдастыру» және «жасырын арандатушылық тетіктер құру» баптары бойынша айыпталуда. Қандай нақты әрекеттер үшін ұсталғаны нақтыланбаған.
Алайда AFP агенттігінің жазуынша, Азар Мансури 2025 жылдың желтоқсан–2026 жылдың қаңтар айларындағы Ирандағы наразылық акцияларын қолдаған.