Иранда «Оскарға» ұсынылған фильм авторларының бірі қамауға алынды
Биыл екі аталым бойынша «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Кездейсоқ оқиға» фильмінің сценарий авторларының бірі Мехди Махмудян Тегеранда қамауға алынды.
Бұл туралы Associated Press пен The New York Times АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency деректеріне сүйене отырып хабарлады.
Кинотуынды авторларының мәліметінше, Мехди Махмудян 31 қаңтарда ұсталған. Оған нақты қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. BBC Persian дерегінше, ол адвокатымен сөйлесіп, отбасына қамауға алынғанын хабарлай алған, алайда қазіргі таңда қай жерде ұсталып отырғаны нақтыланбаған.
28 қаңтарда Мехди Махмудян тағы 16 адаммен бірге Иранның Жоғарғы рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи наразылықтарды күшпен басқаны үшін айыпталған үндеуге қол қойған. Associated Press мәліметінше, бұл үндеуге қол қойғандардың тағы екеуі де қамауға алынған.
Фильм режиссері, қазір шетелде жүрген Джафар Панахи Мехди Махмудянды қолдап мәлімдеме жасады.
« Мехди Махмудян – тек адам құқықтарын қорғаушы немесе ар-ождан тұтқыны ғана емес. Ол – куә, тыңдай білетін, сирек кездесетін адамгершілік өлшемі. Оның жоқтығы түрме қабырғаларының ішінде де, сыртында да бірден сезіледі», – деді Панахи.
Ирандық режиссер Панахидің «Кездейсоқ оқиға» фильмі 2025 жылдың мамыр айында халықаралық прокатқа шыққан. Бұл – режиссердің түрмеден босап шыққаннан кейінгі алғашқы толықметражды жұмысы. Бұған дейін ол «жүйеге қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен сотталған. Иранда аталған фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған.
Фильм сюжеті бұрынғы ирандық саяси тұтқынның тағдыры туралы баяндайды: бостандыққа шыққан соң ол өзіне қиянат жасаған адамдармен қайта кездесіп, кек алуға бел буады.
2025 жылы «Кәдімгі кездейсоқтық» фильмі Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ картина «Ең үздік сценарий» және «Шет тіліндегі ең үздік фильм» аталымдары бойынша «Оскар» сыйлығына ұсынылған.