Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:31

Иранда студенттер үкіметке қарсы жаңа наразылық акцияларын өткізді

иран
© REUTERS / SOCIAL MEDIA

Сенбі күні Иранның бірнеше университетінде студенттер жаңа наразылық шерулерін ұйымдастырды. Бұл қаңтар айының басындағы ауқымды митингілер күшпен басып-жаншылғаннан кейінгі алғашқы акциялар.

BBC журналистері оқу семестрінің алғашқы күні Тегерандағы Шариф атындағы технология университетінде түсірілген кадрлардың шынайылығын растады.

Видеода кампус аумағына жиналған жүздеген шерушіні көруге болады. Олардың көпшілігі Иран туын желбіретіп, елдің рухани көсемі Әли Хаменейді меңзеп, «Диктаторға өлім!» деп ұрандатқан.

Сол кадрларда үкіметті қолдаушылар тобы да байқалған. Кейін екі лагерьге бөлінген наразылар арасында қақтығыс орын алған.

Сонымен қатар, Тегерандағы Шахид Бехешти атындағы университетте ереуіл жарияланғаны туралы суреттер тарады. Журналистер астанадағы тағы бір жоғары оқу орны – Амир Кабир атындағы технология университетінде түсірілген делінген бейнематериалдардың да шынайылығын растаған.

Елдің солтүстік-шығысындағы, Иранның екінші ірі қаласы саналатын Машһадта да студенттер «Бостандық!» және «Студенттер, құқықтарыңды батыл айтыңдар!» деген ұрандармен көшеге шыққан.

Хабарларға қарағанда, күні бойы өзге аймақтарда да ондаған, жүздеген адам қатысқан наразылық акциялары өткен.

Әзірге биліктің бұл шерулерге қалай жауап бергені және тұтқындаулар болған-болмағаны туралы ақпарат жоқ.

АҚШ әскери күш жинап жатыр

Ирандағы жаңа наразылықтар аймақта АҚШ әскерінің шоғырлануы және АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран билігіне қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайтын мәлімдемелері аясында басталды.

АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары Иран ядролық бағдарламасын қару жасауға пайдалануы мүмкін деп алаңдаса, Тегеран атом технологиялары тек бейбіт мақсатта дамытылып жатқанын мәлімдеп келеді.

17 ақпанда Иран мен АҚШ өкілдері Швейцарияда келіссөздер өткізіп, белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізілгенін хабарлаған.

Алайда кейін Трамп «жақын 10 күн ішінде» бейбіт келісімге қол жеткізілетіні немесе Вашингтон әскери күш қолданатыны белгілі болатынын айтты.

Қаңтар айында Трамп Ирандағы шерулерді қолдап, «көмек жолда» екенін мәлімдеп, наразыларды көшеге шығуды жалғастыруға шақырған еді.

Дегенмен Трамптың бұл мәлімдемелері әзірге нақты әрекетке ұласқан жоқ. Шетелдегі ирандық оппозицияның бір бөлігі Ақ үй басшысын режимді құлату үшін Иранға соққы жасауға шақырса, екінші бөлігі АҚШ-тың әскери араласуына қарсы екенін білдіруде.

Желтоқсанның соңында және қаңтардың алғашқы жартысында өткен жаппай наразылықтар 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі ең ірі шерулер болды.

Human Rights Activists News Agency (Hrana) дерегінше, наразылықтар кезінде кемінде 6159 адам қаза тапқан. Оның 5804-і – шерушілер, 92-сі – балалар, 214-і – билікке қатысы бар тұлғалар.

Hrana ұйымы тағы 17 мың өлім туралы мәліметті тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Қаңтар айының соңында Иран үкіметі наразылықтар кезінде 3,1 мыңнан астам адам қаза тапқанын растады. Алайда олардың көпшілігі қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері немесе «бүлікшілердің» шабуылына ұшыраған кездейсоқ адамдар болғанын алға тартты.