Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:12

Иранда жаңа жоғарғы көшбасшының ант беру рәсімі өтті

Моджтаба Хаменеи
Фото: REUTERS

Иранда 56 жастағы Моджтаба Хаменеи елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы қызметіне кірісіп, ант беру рәсімі өтті.

Рәсім Тегеранда өтіп, оған қазіргі саяси режимді қолдайтын көпшілік жиналды. Бұл туралы REUTERS хабарлады.

Моджтаба Хаменеи – Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің ұлы. Әкесі 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің әуе соққысы кезінде қаза тапқан болатын.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары бірнеше қалада жиналған мыңдаған адамның жаңа көшбасшының суреттерін көтеріп, Иран туын желбіретіп тұрғанын көрсетті. Сондай-ақ адамдар қолдарында Әли Хаменеи портреттерін ұстаған.

56 жастағы Моджтаба Хаменеи – шиит дін қызметкері. Ол Ислам революциясы сақшылар корпусымен тығыз байланысы арқылы танымал.

The New York Times деректеріне сүйенсек, Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін ИРСК оның ұлын жаңа жоғарғы көшбасшы етіп тағайындауды талап еткен.

"Хезболла" қолдау білдірді

9 наурызда Ливандағы шииттік "Хезболла" қозғалысы Иранға адалдығын тағы да мәлімдеді.

Қозғалыс мәлімдемесінде:

"Хезболла" Иранның жаңа көшбасшысына адал екенін растайды және Моджтаба Хаменеи мемлекет басқаруда табысқа жетеді деп үміттенеді", – делінген.

Иранда жоғарғы көшбасшы – елдегі ең жоғары саяси тұлға.

Ол:

  • мемлекет дамуының стратегиялық бағытын анықтайды;
  • негізгі қауіпсіздік және идеологиялық саясатты бақылайды.

Ал күнделікті мемлекеттік басқарумен әдетте үкімет пен президент айналысады.

Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) тікелей жоғарғы көшбасшыға бағынады.