Ирандағы бітім туралы хабардан кейін мұнай бағасы төмендеді
Brent маркалы мұнай 13%-ға арзандап, баррелі 95 долларға дейін түсті. Бұл — Дональд Трамп пен Иран тарапынан жарияланған екі апталық бітім туралы мәлімдемелерге нарықтың тікелей реакциясы.
Әлемдік нарық АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысында уақытша атысты тоқтату туралы жаңалықтарға мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасын төмендету арқылы жауап берді. 8 сәуір, сәрсенбі күні таңертең Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен 95 доллар деңгейінде болды. Ал бір күн бұрын ол шамамен 110 доллардан сатылған.
Trading Economics платформасының мәліметінше, шикі мұнай бір тәулікте 14%-ға арзандап, 96 доллар шамасында саудаланған. АҚШ-та кең қолданылатын мазут бағасы 17%-ға, ал бензин шамамен 10%-ға төмендеген.
Ормуз бұғазының ашылуы
Бағаның төмендеуі — АҚШ пен Израильдің Иранмен екі апталық бітімге келуі жіне Ормуз бұғазының жақын арада қайта ашылуы мүмкін деген үмітпен байланысты. Бұл бұғаз — Парсы шығанағынан әлемге мұнай жеткізетін ең маңызды бағыттардың бірі.
7 сәуір кешінде, Иранға ультиматум қойған Дональд Трамп Тегеран кемелерге шабуылды тоқтатса, АҚШ та соққыларын тоқтататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадамға Пәкістанның арағайындық өтініші әсер еткен.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи егер елге шабуыл жасалмаса, Иран қарулы күштері «қорғаныс операцияларын» тоқтататынын растады. Оның сөзінше, алдағы екі апта ішінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуі қамтамасыз етіледі.
Израиль де бітімді қолдағанын ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі хабарлады.
АҚШ–Израиль мен Иран арасындағы соғыс
28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққыларын жасап келеді. Бұл шабуылдар нәтижесінде Иранның жоғары басшылығы мен қауіпсіздік құрылымдарының бірқатар өкілдері қаза тапқан. Олардың қатарында жоғарғы көшбасшы Али Хаменеи да бар.
Өз кезегінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы АҚШ базаларына зымырандар мен дрондар арқылы жауап қайтарып, мұнай инфрақұрылымдары мен танкерлерге шабуыл жасаған. Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік энергетикалық нарық үшін үлкен сынаққа айналды.