Ирандағы ең ірі көпір АҚШ пен Израиль соққысы салдарынан қирады
АҚШ пен Израиль күштерінің соққысы салдарынан Ирандағы ең ірі көпірлердің бірі қирады.
Қираған нысан «Иран инженериясының жауһары» әрі «Ислам Республикасының мақтаныш символы» болған.
Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге қарағанда, америкалық-израильдік күштер Иран астанасы маңындағы Караж аймағына соққы берген. Соның салдарынан Тегеран мен Каражды жалғап тұрған салынып жатқан B1 көпірі жартылай қираған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, соққы салдарынан бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға орнына құтқару қызметтері жеткен.
Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусының баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, Fars агенттігінің дерегінше, көпірге бір тәулік ішінде екі рет шабуыл жасалған. Соның салдарынан екі бейбіт тұрғын қаза тапқан. Екінші соққы құтқарушылар алғашқы шабуылдан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте жасалған.
Көпірге жасалған шабуылға жауап ретінде Иран Израиль мен Таяу Шығыстағы өзге елдердегі көпірлерді «нысана» ретінде жариялаған.
Караждағы B1 көпірі – Тегеран–Караж солтүстік трассасында салынып жатқан ірі инфрақұрылымдық жоба. Оның биіктігі шамамен 130–136 метр, ал жалпы ұзындығы бір шақырымнан асады. Жоба Тегеран мен елдің батысы арасындағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа автомагистральдің бір бөлігі ретінде қарастырылған.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл соққыны растады.
«Ирандағы ең ірі көпір құлап жатыр және ол енді ешқашан пайдаланылмайды – жақын арада тағы да жаңалықтар болады!» – деп жазды ол әлеуметтік желіде.