Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:14

Ирандағы қыздар мектебіне әуе соққысын кім жасады?

Иран мектебі
Фото: Abbas Zakeri / Mehr News / WANA / Scanpix / LETA

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылының алғашқы күні Миноб қаласындағы мектепке соққы жасалды. Соның салдарынан кемінде 175 адам қаза тапты. Оқиғадан бірнеше күн өтсе де, АҚШ ресми тұлғалары әлі күнге дейін бұл соққыны кім жасағанын “анықтап жатқанын” мәлімдеуде.

4 наурыз күні Ақ үй әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері соғыстың алғашқы күні Ирандағы қыздар бастауыш мектебіне жасалған әуе соққысының артында АҚШ тұрған-тұрмағанын әлі де тексеріп жатқанын айтты.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары мен денсаулық сақтау мекемелерінің дерегіне сәйкес, бұл шабуыл АҚШ-Израиль әскери операциясы басталғалы бергі ең қанды оқиғалардың бірі болды. Шабуыл салдарынан кемінде 175 адам қаза тапқан, олардың көпшілігі – балалар.

Мектеп неге нысанаға алынғаны немесе қай мемлекеттің әскері соққы жасағаны әзірге белгісіз.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт сәрсенбі күні өткен брифингте АҚШ мектепке әуе соққысын жасады ма деген сұраққа:

«Біздің білуімізше, жоқ. Қорғаныс министрлігі бұл мәселені зерттеп жатыр», – деп жауап берді.

New York Times басылымының жазуынша, бірнеше минуттан кейін журналистер қайта сұрақ қойып, бұл АҚШ соққысы емес екеніне дәлел бар ма немесе Израильдің қатысы бар-жоқтығы тексерілді ме деп нақтылаған.

Ақ үй өкілі тағы да:

«Қайталаймын, Қорғаныс министрлігі бұл мәселені қазір тексеріп жатыр», – деді.

Басылымның мәліметінше, сол күні Пентагондағы брифингте АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсеттен де осы шабуыл туралы сұралған.

Ол:

«Айта алатыным – біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Біз ешқашан азаматтық нысандарды әдейі нысанаға алмаймыз. Бірақ жағдайды қарап, тергеу жүргізіп жатырмыз», – деді.

Бұл соққы 28 ақпанда – соғыстың алғашқы күні болған. Оқиғадан төрт күн өтсе де, кінәлі кім екені әлі анықталмады ма деген сұраққа Хегсет:

«Біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз», – деген жауабын қайталаған.

Соққы жасалған мектеп Иранның оңтүстігіндегі шағын Миноб қаласында орналасқан. Сейсенбі күні қала көшелеріне мыңдаған аза тұтушы жиналды. 

БҰҰ-ның ЮНЕСКО агенттігі бұл шабуыл туралы:

«Мектеп оқушыларының өлтірілуі – халықаралық гуманитарлық құқық аясында мектептерге берілетін қорғаудың өрескел бұзылуы», – деп мәлімдеді.

Брифингте бұл шабуыл туралы сұралғанда, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

«Америка Құрама Штаттары өз халқын өлтіретін, балаларды қырып-жоятын және азаматтарын құрбан ететін зұлым Иран режимінен айырмашылығы – бейбіт тұрғындарды нысанаға алмайды», – деді.

Оның айтуынша, Иран билігі «насихатты өте тиімді пайдаланады», ал Ақ үй брифинг залындағы көптеген журналистер «сол пропаганданың ықпалына түсіп қалған».

«Сондықтан бейбіт тұрғындарды нысанаға алды деп АҚШ-ты айыптауда абай болуды сұраймын. Өйткені бұл біздің қарулы күштеріміз жасайтын әрекет емес», – деген ол.