Ирандағы мектепке жасалған соққыдан қаза болған 119 оқушының суреті жарияланды
Иранның Tasnim ақпарат агенттігі 28 ақпанда Иранның Минаб қаласындағы мектепке АҚШ пен Израиль жасаған зымыран соққысынан қаза тапқан балалардың фотосын жариялады.
119 қаза тапқан оқушының суреттері 7 наурыз, сенбі күні агенттіктің Telegram-арнасында жарияланған.
«Минаб мектебінің барлық шейіт болған оқушылары бір кадрда», — деп жазылған сурет сипаттамасында.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға, соның ішінде Тегеранға да әуе соққыларын бастады. Қақтығыстың алғашқы күні-ақ Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан “Шаджаре Тайебе” қыздар мектебі соққыға ұшыраған.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің айтуынша, билік АҚШ пен Израильді айыптап отырған бұл шабуылда кемінде 171 оқушы қаза тапқан. Tasnim агенттігінің мәліметінше, мектептің кемінде 14 мұғалімі мен қызметкері де қаза болған.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Минабтағы мектепке жасалған соққыны жедел әрі бейтарап тергеуге шақырды.
«Бұл шабуылды тергеу жауапкершілігі оны жасаған күштердің мойнында», — деді Тюрк.
3 наурыз күні Хормозган провинциясында мектептің 168 оқушысының денесі жер қойнына тапсырылды. Минаб қаласының көшелеріне мыңдаған адам шығып, қаза болған мектеп оқушыларымен қоштасты. Қаралы рәсімге қатысқандар қара түсті киім киіп, қала көшелерімен жүріп өткен жерлеу колоннасында табыттарды бір-бірлеп көтеріп, қайғы белгісі ретінде көкіректерін ұрып аза тұтқан.
Бұған дейін The New York Times газеті мектепке жасалған соққы АҚШ әскери-әуе күштерінің жақын маңдағы Иран ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) әскери-теңіз базасына бағытталған операциясының бір бөлігі болуы мүмкін екенін жазған. Басылым бұл тұжырымды спутниктік суреттерге жүргізілген талдау негізінде жасаған.