Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:10

Ирандағы наразылықтарда 35 адам қаза тауып, 1200-ден астамы тұтқындалды – БАҚ

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

Иранда ұлттық валюта – риалдың күрт құнсыздануы аясында басталған жаппай наразылықтар тоғыз күннен бері тоқтаған жоқ. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қаза тапқандар мен тұтқындалғандар саны артып барады.

Иранда 2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бері жалғасып жатқан жаппай наразылықтар салдарынан кемінде 35 адам қаза тауып, 1200-ден астам ереуілші ұсталған. Бұл туралы dpa агенттігі ирандық Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымы мен оның HRANA медиажелісіне сілтеме жасап хабарлады.

HRANA дерегіне сәйкес, наразылық акциялары елдің 31 провинциясының 27-сін қамтыған, барлығы кемінде 88 қалада өткен. Құқық қорғаушылар әсіресе шағын қалаларда қауіпсіздік күштері демонстранттарға қарсы күш қолданғанын атап өтеді.

Күш қолдану жаңа толқынға ұласты

Наразылықтарды күшпен басу ірі қалаларда – Тегеран мен Мешхедте жаңа толқынның басталуына себеп болған. Ел бойынша кемінде 17 жоғары оқу орнының студенттері шерулерге қосылған. БАҚ мәліметінше, қауіпсіздік күштері университет кампустарында рейдтер жүргізе бастаған.

Қазіргі наразылықтар 2022 жылдан бергі ең ауқымды акциялар ретінде сипатталып отыр. Ол кезде халықтың ашу-ызасына «полиция мораль» қызметі ұстағаннан кейін қаза тапқан 22 жастағы Махса Аминидің өлімі себеп болған еді.

Қаза тапқандар арасында балалар да бар

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, қаза тапқан 35 адамның 29-ы – наразылыққа қатысушылар, төртеуі – балалар, ал екеуі – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары бұған дейін бір жағдайды растаған: Кухдешт қаласында өткен шеру кезінде Ислам революциясы сақшылар корпусына (КСИР) бағынышты «Басидж» жасақтарының 21 жастағы мүшесі қаза тапқан. Мәліметтерге қарағанда, қауіпсіздік күштері қару қолдануға тырысқан, ал жауап ретінде наразылық білдірушілер тас лақтырған.

Билік қатаң шаралар қолданатынын ескертті

5 қаңтар күні Иранның сот жүйесі наразылық кезінде ұсталғандарға ешқандай кешірім болмайтынын мәлімдеді. Айта кетейік, 2025 жылы Иранда шамамен 2000 адам өлім жазасына кесілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

The Times: Хаменеи Мәскеуге қашуы мүмкін

Бұған дейін британдық The Times газеті Ұлыбритания барлау деректеріне сүйене отырып, 86 жастағы аятолла Әли Хаменеи егер әскер мен қауіпсіздік күштері билікке бағынудан бас тартса, Тегераннан кетуге дайын екенін хабарлаған.

Басылым дерегінше,  «Б жоспары» Хаменеи мен оның жақын айналасына, соның ішінде ықтимал мұрагері саналатын ұлы Моджтабаға арналған. Израиль барлауының бұрынғы қызметкері Бени Сабтидің пікірінше, Хаменеи үшін Мәскеуден басқа бас сауғалайтын орын жоқ, ол Сирияның бұрынғы басшысы Башар Асадтың Ресейге қашуын мысалға келтіреді.

Наразылықтың басты себебі – экономикалық дағдарыс

Жаппай наразылықтар 28 желтоқсанда Тегерандағы басты базарда басталған. Көптеген дүкен иелері гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне наразылық ретінде сауда орындарын жапқан. 29 желтоқсанда иран риалы тарихи минимумға дейін құлдырап, 1 риал шамамен 0,00002 еуроға тең болған. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында Ирандағы азық-түлік инфляциясы 64,2 пайызды құраған – бұл көрсеткіш бойынша елді тек Оңтүстік Судан ғана басып озған.