Ирандағы наразылықтарда үш мыңнан бес мыңға дейін адам қаза тапты
Ирандағы жаппай наразылықтар салдарынан қаза тапқандар саны 3 мыңнан 5 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Әртүрлі дереккөздер келтірген мәліметтер арасында айырмашылық бар.
АҚШ-та орналасқан тәуелсіз құқық қорғау ұйымы HRANA-ның хабарлауынша, наразылықтар кезінде 3308 адам қаза тапқан. Олардың 3097-сі – наразылыққа қатысушылар, 166 адам – әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері. Сондай-ақ наразылыққа қатыспаған 23 адамның, 18 жасқа толмаған 22 баланың қаза болғаны расталған. Бұдан бөлек, 2100-ден астам адам ауыр жарақат алған, ал 24 мыңнан аса адам ұсталған.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымы да кемінде 3428 наразылыққа қатысушының қаза тапқанын растады.
Сонымен қатар, аты-жөнін атамауды сұраған ирандық шенеунік Reuters агенттігіне берген сұхбатында қаза тапқандар саны 5 мыңға жуық, олардың ішінде шамамен 500-і қауіпсіздік күштерінің өкілдері екенін айтқан. Оның сөзінше, құрбандар саны әлі өзгеруі мүмкін, бірақ айтарлықтай өсуі екіталай.
Қақтығыстардың негізгі ошағы – күрд аймақтары
Reuters дереккөздерінің және күрд құқық қорғау ұйымы Hengaw мәліметіне сәйкес, ең қанды қақтығыстар Иранның солтүстік-батысындағы күрд аймақтарында болған. Ақпаратқа қарағанда, бұл өңірлерге Ирактан күрд жасақтары өтуге талпынған.
Биліктің қатаң ескертулері
17 қаңтар, сенбі күні Иран билігі наразылықтарға қатысқандарға қатысты қатаң мәлімдемелер жасады. Елдің жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеи «бүліктің бел омыртқасы сындырылды, енді бүлікшілердің өзін де талқандау қажет» деп мәлімдеді. Ал Тегеран прокуроры наразылыққа қатысушыларға қатысты сот процестерін жеделдетуге уәде берді.
Интернет ішінара қалпына келтірілді
Жаһандық интернет-бұғаттауларды бақылайтын NetBlocks мәліметінше, Иранда Google секілді кейбір сервистерге қолжетімділік ішінара қалпына келтіріле бастаған. Алайда трафик деректері қатаң контент сүзгісі қосылғанын көрсетеді. Бұл пайдаланушылардың хабарламаларымен де расталып отыр.
Айта кетейік, наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталып, Иранның барлық провинцияларын қамтыды. Сарапшылар бұл жағдайды 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі клерикалдық билікке төнген ең ірі сын-қатерлердің бірі деп бағалайды. Алғашқы талаптар экономикалық дағдарысқа, ұлттық валюта риалдың құлдырауына және жоғары инфляцияға байланысты болды. Кейінірек билікке қарсы ұрандар мен монархияны қалпына келтіру жөніндегі шақырулар естіле бастады.