Ирандағы наразылықтарға байланысты президенті диалогқа дайын екенін мәлімдеді
Иранның астанасы Тегеран мен өзге де ірі қалаларында 28 желтоқсаннан бері әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты жаппай наразылық акциялары жалғасып жатыр.
Euronews мәліметінше, соңғы үш жылдағы ең ауқымды наразылықтар дүйсенбі күні өтті. Бұған ұлттық валютаның — риалдың тарихи минимумға дейін құлдырауы және Иран Орталық банкінің төрағасы Мохаммед Реза Фарзиннің қызметтен кетуі түрткі болған.
Наразылықтардың негізгі ошағы Тегерандағы Үлкен базарға (Гранд-базар) жақын аудандар болды. Саудагерлер жаппай дүкендерін жауып, акцияға шыққан. Бұл бастама Исфахан, Шираз және Мешхед сынды ірі қалаларда да қолдау тапты.
Кейбір аймақтарда наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар тіркелген. Құқық қорғау органдары халықты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.
Дүйсенбі күні еркін нарықтағы валюта бағамы бойынша 1 АҚШ доллары шамамен 1,4 миллион риалға дейін көтерілді. Бұл қарапайым азаматтар бағдарланатын нарықтық курс, ол Иран Орталық банкінің ресми бағамынан әлдеқайда жоғары.
Ирандықтар қаржы дағдарысы одан әрі ушығып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Ұлттық валютаның күрт құнсыздануы инфляцияны күшейтіп, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауына алып келген.
Мемлекеттік статистика орталығының дерегінше, желтоқсан айында инфляция деңгейі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,2 пайызға жеткен. Соңғы бір жылда азық-түлік бағасы 72 пайызға, ал дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлар 50 пайызға қымбаттаған.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылыққа шыққандармен диалог орнатуды тапсырған.
Президент X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде экономикалық қиындықтар халықтың басты мәселесіне айналғанын атап өтті.
"Мен ішкі істер министріне митингке қатысушылармен диалог форматында кездесіп, олардың негізді талаптарын тыңдауды тапсырдым. Үкімет бар проблемаларды шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды", - деді Масуд Пезешкиан.
Сондай-ақ ол банк жүйесін жетілдіру және халықтың сатып алу қабілетін сақтау бағытында нақты қадамдар жасалатынын мәлімдеді.