Ирандағы толқулар: батыстағы екі қала ереушілер қолына өткен – БАҚ
Иранда 28 желтоқсаннан бері жалғасып келе жатқан жаппай наразылықтар екінші аптаға ұласты. Алғашында ұлттық валютаның құнсыздануы мен инфляцияның шектен шығуына байланысты Тегерандағы Үлкен базарда басталған ереуілдер аз уақыт ішінде елдің бірнеше өңіріне тарады.
Қазір Ирандағы жағдай тек әлеуметтік-экономикалық дағдарыс емес, саяси тұрақтылық мәселесіне де айналып отыр.
Шетелдік дереккөздер мен ирандық оппозициялық құрылымдардың мәліметінше, елдің батысындағы Абданан және Маликшах қалаларында билікке қарсы күштер қолына өткен. Fox News телеарнасы Иран Ұлттық қарсылық кеңесіне (NCRI) сілтеме жасап, бұл екі қалада наразылық білдірушілер көшелерді бақылауға алып, кейбір полиция қызметкерлері олардың жағына өткенін хабарлады. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, қала көшелерінде «Хаменейге өлім!» деген ұрандар ашық айтылған.
🚨گزارشها از پیوستن نیروهای انتظامی به مردم معترض در آبدانان ایلام/بر اساس روایتهای میدانی منتشرشده، در جریان اعتراضات آبدانان ایلام نشانههایی از همراهی برخی نیروهای انتظامی با مردم معترض دیده شده است. pic.twitter.com/MKu3ia1kS5
— LiveIranNews (@IranNewsAgency0) January 6, 2026
Алайда Иранның ресми ақпарат агенттіктері бұл мәліметтерді жоққа шығарып отыр. IRNA мен Tasnim агенттіктері полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, наразылықтарды таратқанын, жағдайдың тез арада бақылауға алынғанын жазды. Ресми Тегеран екі қаланың «наразылықшылар қолына өткенін» ашық түрде растаған жоқ.
Наразылықтардың күшеюіне әлеуметтік себептермен қатар, саяси факторлар да әсер етіп отыр. Иранның рухани көсемі Әли Хаменей экономикалық қиындықтардың бар екенін мойындағанымен, валюта дағдарысы мен тұрақсыздықты «сыртқы жаулардың әрекетімен» байланыстырды. Ол заңды талап пен тәртіпсіздікті ажырата отырып, «бүлдіргіштермен келіссөз жүргізу пайдасыз» екенін мәлімдеді.
Оппозиция жағынан мәлімдемелер әлдеқайда қатаң. АҚШ-та тұратын, шах әулетінің өкілі Реза Пехлеви The Washington Post басылымында жарияланған мақаласында Иран «1979 жылдан бергі ең әлсіз кезеңін бастан өткеріп жатқанын» жазды. Ол наразылықтарды режимнің күйреу алдындағы белгісі ретінде бағалап, елді демократиялық өзгерістерге бастауға дайын екенін мәлімдеді. Пехлеви болашақ Иран үш негізгі қағидаға сүйенуі тиіс дейді: аумақтық тұтастық, азаматтардың тең құқығы және дін мен мемлекеттің бөлінуі.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының деректері де алаңдатарлық. HRANA мәліметіне сәйкес, он күн ішінде Иранның кемінде 27 провинциясында наразылықтар тіркеліп, 36 адам қаза тапқан, оның ішінде 34-і – наразылық білдірушілер. Екі мыңнан астам адам ұсталған. BBC Verify жүргізген талдау наразылықтардың ауқымы ресми хабарланғаннан әлдеқайда кең болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қазір Ирандағы басты күрес тек көшеде емес, ақпарат кеңістігінде жүріп жатыр. Оппозиция мен шетелдік БАҚ режим әлсіреп жатқанын айтуда, ал билік елдегі жағдай толық бақылауда екенін дәлелдеуге тырысып жатыр.