Ирандағы жағдай ушыға қалса, аятолла Хаменеидің Мәскеуге қашатын жоспары дайын – БАҚ
Егер Иранда наразылық күшейіп, билік оны бақылауда ұстай алмаса, елдің жоғарғы рухани көсемі Али Хаменеи үшін алдын ала дайындалған «Б жоспары» бар.
Бұл жоспар бойынша аятолла Мәскеуге кетуі мүмкін. Мұндай мәліметті Ұлыбританияның The Times газеті барлау деректеріне сүйене отырып жариялады.
Басылым қолына түскен есепке сәйкес, эвакуация жоспары ел ішінде тәртіпсіздік ушығып, әскер мен қауіпсіздік құрылымдары дезертирлікке көшкен немесе наразылар жағына өткен жағдайда іске қосылады. Мұндай сценарийде 86 жастағы Хаменеи ең жақын серіктестері мен отбасы мүшелерінен құралған шамамен 20 адаммен бірге Тегераннан кетуі мүмкін.
Газет дереккөзінің айтуынша, бұл «Б жоспары» аятолланың өзі үшін ғана емес, оның ұлы әрі ықтимал мұрагері саналатын Моджтаба Хаменеи үшін де әзірленген.
Израиль барлау қызметінің бұрынғы өкілі, ирандық Бени Сабтидің пікірінше, Хаменеи үшін ең ықтимал бағыт – Мәскеу. Оның айтуынша, аятолланың таңдауы шектеулі, әрі ол Ресей президенті Владимир Путинмен жақын. Сондай-ақ Сабти Иран мен Ресейдің саяси мәдениеттерінде ұқсастықтар бар екенін атап өткен.
Жоспар аясында Хаменеи мен оның айналасындағы адамдар үшін шетелде қаржылық активтер, жылжымайтын мүлік және қолма-қол қаражат жинақтау да қарастырылған. Бұл «қауіпсіз кетуді қамтамасыз етуге» бағытталған шара ретінде сипатталады.
The Times мәліметінше, аятолла Хаменеи өткен жылы Израильмен болған «12 күндік соғыстан» кейін психологиялық тұрғыдан әлсіреген. Сол кезеңде ол ұзақ уақыт бойы бункерде жасырынып, көпшілік алдына шықпаған. Қазіргі жаппай наразылықтар кезінде де оның қоғам алдында көрінбеуі назар аудартып отыр.
Британ барлау қызметінің бағалауынша, Хаменеи «паранойяға бейім» тұлға саналады. Дәл осы мінез-құлқы оны осындай балама жоспар құруға итермелеген болуы мүмкін. Барлау бағасында аятолланың бір жағынан қатаң идеологиялық ұстанымы бар, ал екінші жағынан – прагматик, ұзақмерзімді мақсат үшін тактикалық ымыраға бара алатын саясаткер екені айтылады.
Еске салайық, Иранда желтоқсан айының соңында ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен жоғары инфляцияға байланысты кең ауқымды наразылықтар басталды. Көшеге шыққан азаматтар аятолланы биліктен кетіру, сондай-ақ ислам республикасының ішкі және сыртқы саясатын қайта қарау туралы ұрандар көтеруде. Қауіпсіздік күштері наразылықты тарату үшін оқ-дәрі, көзден жас ағызатын газ және су шашатын техникаларды қолдана бастаған.