Иранды кектің қызыл туы құтқара ала ма?

Израиль Иранға ақыры шабуыл жасады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху айтқандай, сонау 2012-13 жылдары-ақ басталып кетуі мүмкін соғыс еді бұл. Әлем картасындағы қызыл жалын күннен-күнге ұлғайып келе жатқан 2025-тің 13 маусымына тура келіпті.
Басты себеп – Иран ядролық державаға айналмауға тиіс. Сол үшін де Израиль 13 маусымның таңында жасаған алғашқы әуе шабуылын ядролық нысандарға, әскери базаларға, Иран армиясының жекелеген құрамдары орналасқан аумақтарға бағыттағанын айтты.
«Өрлеу арыстаны» деп айдар тағылған израильдік операцияның алғашқы шабуылы нәтижесінде зымырандар шеруінің басым бөлігі діттеген межеге жетіп жарылды. Натанз, Фордо уран байыту зауыттары, Тегеран, Исфахан, Тебриздегі авиабазалар, зымыран қоймалары, порттар мен терминалдар – стратегиялық нысандар өртке оранды. Израиль зымырандардан бөлек дрондарды да пайдаланды. Бұл дрондар дәл Украинаның Ресейге жасаған «Тор» операциясын еске түсіреді, дәл сол сценариймен Иран территориясына кіріп үлгерген, кезегі келгенде әуеге көтеріліп, отқа май құя түсті. Кейінірек шыққан деректер бойынша, Израиль Иранға алғашқы шабуылда 200 ұшақ пайдаланған, олар 330 зымыран атқан. Нақты қанша дрон Иран шегіне өткенін, қаншасы межесіне жеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Алғашқы шабуылдан кейін Израиль билігі 100-ге тарта нысанды жардық, оннан аса ядро физиктері мен бірнеше генералын өлтірдік деп мәлімдеді.
Иран да бұл соғысқа көп жыл бойы дайындалған, жауапты көп күттірген жоқ. «Шынайы уәде-3» атты қарсы операция ұйымдастырып, Израиль шекарасына 100 (кей деректерде 300) баллистикалық зымыран мен жүздеген дрон ұшырды. Оның біразы тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелерге жетіп жығылған. Көбін Израильдің әуе қорғаныс жүйесі қағып түскен.
Бұдан кейін де Израиль мен Иран бірнеше соққы алмасты. Көп жағдайда тұтқиыл шабуыл жасаған Израильдің көрсеткіші жоғары. Соңғы мәліметтер бойынша Иран тарапынан 224 адам қаза тауып, мыңнан астам адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Бірақ бұл да нақты көрсеткіш емес, әлемдік БАҚ-тар түрлі дереккөздер арқылы Иран тарапынан кісі шығыны 400-ден асып жығылады деген ақпарат ұсынып жатыр. Ал Израильде алғашқы шабуылда 3 қаза тіркелгенін премьер-министрдің өзі мәлімдеген. Бункерге жете алмай қалды дейді. Одан кейінгі Иран шабуылынан 15 адам қаза тауып, 400 адам жарақат алған.
Израиль Иранды қарсы шабуылда қарапайым тұрғындар тұратын үйлерді атқылады деп айыптайды. Соның нәтижесінде 700 адам үйсіз-күйсіз қалды дейді. Жалпы, Нетаньяху алғашқы үндеуінен бастап өз халқына ғана емес, ирандықтарға да бұл соғыстың халыққа қарсы емес, Ирандағы билік жүйесіне қарсы шабуыл екенін айтып бағуда. Ұсақ-түйек детальдарға дейін жіпке тізіп, жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын көрсетіп-ақ жатыр. Иран көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи де сионистік режим үлкен қателік жасады деп, еврейлерге деген ирандықтардың ежелден келе жатқан жеккөрініштілігіне май құюға тырысуда. «Құдайдың қолдауымен сионистік режимді құлатамыз!» деп, кектің қызыл туын көтеруге бұйрық берді.
Израиль де, Иран да өз шабуылдарының сәтті өтіп жатқанын дүркін-дүркін айтып жатыр. Доқ көрсету, кіжіну, тұқыртуға келгенде екі жақ та тартынып жатқан жоқ. Израиль Иранның ядролық нысандарын түгел құртпай, аятолла режимін құлатпай тынбайтынын айтады. Қазірдің өзінде жетекші ядро физиктерін өлтіргенін, зауыттарының күлін көкке ұшырғанын, Иранның ядролық бағдарламасы тұйыққа тірелгенін айтса, Иран тарапы олардың шәкірттері бастаған істі ары қарай жалғайды, жерге қарап қалған ештеңе жоқ деп жатыр.
Қос тараптың алма-кезек шабуылының нәтижесіне қарап, әлем Иранның әскери әлеуеті осы ғана ма деген сыңайда сөйлей бастады. Қорғаныс жүйесінің нашарлығы, қаруларының ескі екені туралы түрлі сараптама өріп жүр. Ал Иран осыған дейін ескі баллистикалық зымырандарды пайдаланғанын, негізгі заманауи техникасы мен соғыс қаруын кейінге сақтап отырғанын айтып жатыр. Тіпті аятолланың өзі Иран халқына «біздің мүмкіндігімізге сеніңдер» деп үндеу де жасады.
Сырт көздің көзқарасы ала-құла
Израильдің шартты түрде басымдыққа ие болуына байланысты бірнеше фактор бар. Оның біріншісі, әрине, алғашқы шабуылдағы сәттілік. Тіке шабуыл ғана емес, күні бұрын Иранға ішкерілей еніп, дрондарын оңтайлы жерден ұшыра алды және ядролық, атомдық ғалымдар мен әскери қолбасылардың үйін дәл белгілеп, көлігіне бомба қою арқылы біразының көзін жойды (ғалымдар мен әскербасылар тек тіке шабуылдан қаза тапқан жоқ). Иран бір аптаның айналасында «Израиль агенті» деген үкіммен үш адамды дарға асты – осының өзі-ақ Израильдің қаншалықты дайындалғанын, Иран қауіпсіздік қызметінің қаншалықты қапы қалғанын көрсетеді. Екіншіден, Иранның ақталғанына қарамастан, заманауи техника тұрғысынан Израильдің басымдыққа ие болуы. Бұл ел АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты елдермен бірігіп, қару-жарағын әбден жетілдіріп алды. Өзі де жасайды, керек болса, әріптестікпен жеткізіп беретініне сенімді.
Иранның сәтсіздігін сәтті пайдаланып кетуге тырысып жатқан бұрынғы билік өкілдері де бар. Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің қуғындағы ұлы, тақ мұрагері, АҚШ-та тұратын Реза Пехлеви мәлімдеме жасап, Иран халқын аятолла режиміне қарсы көтерілуге үндеп жатыр. Егер сәтсіздік жалғаса берсе, соғыс созыла берсе бұл да Иран билігі үшін проблемаға айналуы мүмкін. Содан да болар, Иран бастапқыдай емес, ядролық қаруды таратпау туралы келісім жөнінде жуастау сөйлей бастады.
Израильдің ең басты көзірі – жақтасының көптігі. Ең басты сенері – АҚШ. Тіпті АҚШ Иранға қарсы саясатында Израильдің қолымен от көсеп отыр деп есептейтіндер де бар. АҚШ президенті Трамп бұрыннан Нетаньяхуге жақтас. Алдыңғы президенттік мерзімінде де көп қолдау білдірген, бұл жолы да тартынып жатқан жоқ. ХАМАС, Газа мәселесінде де қолдауынан танбады. Ол алғашқы шабуылдан кейін: «Мен Иранға ядролық қарудан бас тарту туралы 60 күндік ультиматум қойдым. Бүгін 61-ші күн», – деп, бәрі менің рұқсатыммен болып жатыр деген мағынада мәлімдеме жасады. Одан кейін де бірнеше рет «әлі де ойланыңдар» деп, бәрі өз қолында тұрғанын тұспалдап бақты. Еуропа елдері әзірге бейтарап позиция ұстанып, Иранның ядролық қаруына алаңдаушылық білдіретіндерін айтып жатыр – бүйрегі қайда бұратыны түсінікті.
Бірақ Иран да жақтассыз емес. Түркия, Араб елдері түгелдей Израильді айыптайды. Қытай мен Пәкістан да Тегеранның аумақтық тұтастығын қолдап, Израильді агрессор көреді. Одан бөлек, Иранның Израильге шабуылын алаңға шығып, экран арқылы тамашалап, әр тиген соққысына бәрекелді десіп, алақайлап жатқан Газа тұрғындары мен Йемен жұрты, Ливан халқын айтпай кетуге болмайды. Нәсілдік, сенім жеккөрініші де бұл қақтығыста үлкен фактор ретінде су бетіне қалқып шықты деуге болады.
Қазір әлем бұл әуе арқылы шабуылмен кезек соққы алмасудың соңы жаяу әскер соғысына ұласа ма деген мәселені талқылап жатыр. Егер, ондай жағдайға жетсе халқы мол, әскері көп Иранның потенциалы жоғарылауы мүмкін. Ал Израиль бар күшін техникаға салады. Демек, әлем тағы бір әскери қақтығыстың ошағын ұзағырақ бақылауға мәжбүр болуы мүмкін.
Иран – ядролық қару – Израиль
Иранның ядролық бағдарламасы 1950 жылдардан бері қалыптасқан. 1992 жылы осы Израиль мен АҚШ алғаш рет Иран әскери ядролық бағдарлама жасап жатыр деп дабыл қаққан. Бірақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ешқандай із таппай, қайта тыншыған. Бірақ 2002 жылы Натанз бен Аракта ядролық қару жасалып жатқаны туралы ақпарат тарап, тексере барған АЭХА күмәнді фактілер тауып, АҚШ пен Израильге Еуропа елдері қосылып, Иранды қыспаққа алып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) тағы бір қол қойдырып, қосымша келісім жасасқан. Бірақ көп өтпей Иранның баяғы әуенге қайта басқаны анықталып, 2006 жылы алғаш рет санкция салынған. Содан бері Израиль өзі де тыным таппады, БҰҰ-ға да маза бермеді: кеш болмай тұрып, Иранның ядролық қаруға қол жеткізу жоспарын талқандау керек, тоқтату керек... Содан бері ядролық қару туралы қаншама келіссөз, қаншама кеңес өтті – не Иран мойындаған жоқ, не әлем сенген жоқ.
Екі арадағы қақтығыстың үшінші күні «Израильдің өзі ядролық қаруы бар екенін не растамайды, не терістемейді» деп Иран ренжіп жатыр. Мұнысы бізді ғана емес, Израильді де неге қырларыңа алмайсыңдар дегені. Бірақ Израиль ЯҚТШ-ға қол қоймаған. Соны ойлады ма екен, әлде қысылғанда көрсеткен мінезі ме екен, Иран ЯҚТШ-дан шығам деп жатыр. Ал әлем саясаткерлері мен сарапшылар мұнысы әшейін доңайбат болар, жағдайды осынша асқындырып, жұртына жаулық сағынбас дейді.
Олжас Сламжан