Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:10, 06 Қазан 2021

Ираннан келген ағайын: Шалдығып жетіп еді Шал ақынға...

None
None

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына Ираннан көшіп келіп қоныстанған 12 отбасы қыстың көзі қырауда отын-сусыз, киім-кешексіз, тіпті жұмыссыз қалғалы отыр.

Естеріңізде болса, биыл жаздың соңында Маңғыстау облысына Ираннан 21 отбасы, жалпы саны 61 адам көшіп келген болатын. Олар Ақтауда бірнеше күн аялдап, 22 қыркүйек күні Шал ақын ауданына қоныстанды. Бірнеше күн өтпей жатып алыстан келген ағайынға берілген үйдей уәдеден ши шықты. Айталық, оларға берілген баспана сапасыз салыныпты. Үйге ауызсу кіргізілмеген. Тіпті балаларына киім-кешек жетіспей, мектепке бара алмай отыр. Ал уәде етілген жұмыстың да дайыны шамалы. Бұл туралы бізге «Ақ жол» партиясының СҚО бойынша филиал төрағасының орынбасары Серік Әлтаев айтып берді.

СҚО әкімдігі берген жалдамалы үйде төрт қабырғадан басқа түк жоқ. Соның өзінде әлгі үйдің құны 8 млн теңгеге бағаланыпты. Оны Иран асып, Каспий кешіп келген ағайын бірнеше жылға бөліп төлейді. Әлгі айтулы баспаналардың не ішіне, не ауласына әжетхана салынбаған. «Ұялған тек тұрмас» деген болу керек, шу шыққан соң, көшенің бойына – 12 үйге ортақ екі әжетхана орнатыпты. Онысының өзі қисайып, құлаудың аз алдында тұр. Отын-су да түсірілмеген. Қараша болмай, үйдің іші аңырап тұр. Ал пештің күл түсетін астыңғы бөлігі бітеу. Онысын шеберлер ұмытып кеткен бе, әлде әуелде ойластырылмай қалған ба, ол жағы түсініксіз.

Жүз емес, он отбасын қабылдауға шамасы келмеген аудан атқамінерлерінің уәжі қызық. Олардың айтуынша, Шал ақын ауданы биыл қандастарды қабылдауға дайын болмай қалыпты-мыс. Бізге мәлімет берген Серік Әлтаевтың айтуынша, жергілікті әкімдік пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жыл басында Ирандағы ағайынды елге шақырғанда «бәрі дайын, отын-судан таршылық көрмейсіздер» деген уәде беріпті. Ал көшіп келген соң, «бір жылдан кейін келулеріңіз керек еді» депті. Өйткені салынған үй толық дайын болмаған көрінеді. Бірақ буынып-түйініп отырған жұрт оған қарасын ба, «Қазақстан, қайдасың?» деп тартыпты. «Қандастарды қабылдауға дайын болмай қалдық» деген уәждерінің қисыны сол.

Арқаның күзінен қысы ерте түсетінін Иранбақтан келген ағайын қайдан білсін?! Мектепте оқитын балаларына қалың киімнің қажет екенін осында келген соң бір-ақ түсініпті. Үйдің түрі анау: жаққан от далаға кетеді. Ауызсудың жоқтығы, тұрақты жұмыстың болмауы сынды «бір кем дүние» баршылық.

Осы біздің шенеуніктер де қызық. «Теріскейге қазақ керек! Солтүстікті қазақыландырамыз!» деп айқайлап-аттандағанда ауыздыға сөз бермейміз. Ал келген ағайынға жасаған жағдайымыздың түрі мынау. Ешкім жылы орнын суытқысы келмейді. Шетелден келген ағайын түгіл, Шымкент пен Қызылордадан көшіп барған қазақтардың өзіне берген уәдені орындамай, ақ болды – көк болды деп, көштің көркін кетіріп болғалы қашан?!

Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұловтың баспасөз хатшысына хабарластық. Баспасөз қызметі берген мәліметке сенсек, үйге бөлінген ақша су құбырын тартуға жетпей қалыпты. Биылғы квота да тақа-таусылған көрінеді. «Қаржы болғанда көтермеақы берілер еді. Қандастар келгеннен бері демеушілер есебінен көмектесіп келеміз. Барлығын отынмен қамтамасыз етеміз. Әрқайсысына 5 кубтан ағаш, 2 тоннадан көмір беріледі», – деп, тағы да таудай уәде, көлдей көпірме сөзбен шығарып салды. Ал алыстан арып-ашып келген ағайынды құрғақ сөздің жылытпайтынын, оларға отын-су, жұмыс қажет екенін біздің шенеуніктер қашан түсінер екен?

Тегтер: