Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:03

Иранның бірнеше қаласында жарылыстар тіркелді

Иран
Фото: Жәнібек Көпжасар

31 қаңтар, сенбі күні Иранның бірнеше қаласында жарылыстар болғаны туралы жергілікті БАҚ хабарлады. Солардың бірі — Парсы шығанағы жағалауындағы портты қала Бендер-Аббас.

Мемлекеттік телеарна дерегінше, Моаллем бульвары маңындағы сегіз қабатты ғимаратта болған жарылыс салдарынан екі қабат қирап, бірнеше көлік пен дүкендерге зақым келген. Жарылыстың себебі әзірге анықталған жоқ. Оқиға орнына құтқару және өрт сөндіру қызметтері жіберілді. Tasnim агенттігінің мәліметінше, бір адам қаза тауып, 14 адам жараланған.

Сондай-ақ Mehr Иранның оңтүстік-батысындағы Ахваз қаласында тұрғын үй кешенінде жарылыс болғанын хабарлады. Расталмаған деректерге сәйкес, төрт адам қаза тапқан. Қалалық өрт-құтқару қызметінің басшысы бұл оқиғаға газ себеп болғанын айтты.

Бұдан бөлек, Иранның Паранд және Тебриз қалаларында да жарылыстар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтерге ресми растау әзірге берілген жоқ.

КСИР басшысына қастандық туралы қауесет жоққа шығарылды

Әлеуметтік желілерде Бендер-Аббас қаласында Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Алиреза Тангсири-ге қастандық жасалды деген қауесет тарады. Алайда ирандық БАҚ бұл ақпаратты жоққа шығарды. Mehr пен Tasnim дереккөздері аталған оқиғада мұндай қастандық болмағанын мәлімдеді.

Израильдік ресми тұлғалар да жарылыстарға Израильдің қатысы жоқ екенін айтты.

Жарылыстарға бірнеше сағат қалғанда, АҚШ-пен шиеленістің ушығуына байланысты Иран Қарулы күштері «толық қорғаныстық және жауынгерлік дайындық» режиміне көшірілгені хабарланған. Құрлық әскерлерінің қолбасшысы Амир Хатами: «Егер жау қателік жасаса, бұл оның өз қауіпсіздігіне, аймақтың және сионистік режимнің қауіпсіздігіне қатер төндіреді», — деп мәлімдеді.

Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс АҚШ президенті Дональд Трамп-тың соңғы мәлімдемелерінен кейін күшейе түсті. 30 қаңтарда ол Иран ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келісімге келмесе, әскери соққылар жасалуы мүмкін екенін айтып, Иран жағалауына қосымша әскери кемелер жіберілгенін айтқан еді.