Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Иранның соңғы шахының ұлы халықты қалаларды басып алуға шақырды

 Реза Пехлеви
Фото: Grey Hutton / DER SPIEGEL

Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің ұлы, тақ мұрагері Реза Пехлеви ел тұрғындарын жаппай ұлттық ереуілдер өткізуге және наразылық білдірушілерге қалаларды басып алуға көмектесуге үндеді.

Реза Пехлеви X әлеуметтік желісінде жариялаған үндеуінде наразылықтың мақсаты тек көшеге шығумен шектелмеуі керегін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндет — қалаларды иемденуге және оларды қорғауға дайындалу.

«Біздің мақсатымыз жай ғана көшеге шығу емес. Мақсатымыз – қалаларды басып алып, оларды қорғауға әзір болу. Бұған әртүрлі бағыттарды пайдалану, қалалардың орталық аудандарында көбірек адам жинау және қоғамның түрлі топтарын біріктіру арқылы қол жеткізуге болады», - деді ол.

Сонымен қатар Реза Пехлеви әскери қызметкерлерді халық жағына шығуға шақырды. Ол мұны «қудалау машинасын әлсірету және оны толықтай істен шығару» үшін қажет қадам деп атады.

Ханзаданың айтуынша, ол «революция жеңіске жеткен күні» Иранға оралып, халқымен бірге болуға дайындалып жатыр.

«Бұл күннің жақын қалғанына сенемін», - дейді ол.

Айта кетейік, Иранда желтоқсан айының соңынан бері басталған наразылық акциялары бүкіл ел аумағына кең тараған. Ресми деректерге сәйкес, полиция мыңдаған адамды қамауға алған. Ал құқық қорғаушылардың мәліметінше, қақтығыстар салдарынан 200-ден астам адам қаза тапқан.