Иранның соңғы шахының ұрпағы Иранға орала ма?

Иранда соңғы жылдары ушығып бара жатқан әлеуметтік толқулар мен саяси тоқырау елдің болашағына қатысты түрлі сценарийлерді қайта қарауға мәжбүр етті. Соның ішінде тарихи сахнадан 1979 жылы кеткен Пехлеви әулетінің аты қайта жиі атала бастады. Қазіргі таңда АҚШ-та тұрып жатқан Реза Пехлеви – Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің ұлы – ел ішіндегі режимге қарсы қозғалыстарға үн қосып, өзін Иран халқының бейбіт өзгеріс жолындағы мүдделесі ретінде позициялап отыр.
Реза Пехлеви өз мәлімдемелерінде патшалық билікті қайтару мақсатын көздемейтінін нақты айтады. Оның басты ұраны – "Иран халқының таңдау еркіндігі". Яғни, қазіргі ислам режимінен кейінгі өтпелі кезеңде елде тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз ететін демократиялық құрылымды орнатуға үндейді. Бұл бағытта ол "100 күндік транзиттік үкімет" жобасын ұсынды. Жобаның мақсаты – режим құлағаннан кейін елде басқару вакуумын болдырмай, жаңа Конституция қабылданғанға дейін қоғамды бейбіт жолмен біріктіру.
2025 жылдың маусым айында Реза Пехлеви өзінің ресми парақшаларында Иран халқын бейбіт революцияға шақырып, әсіресе әскерилер мен полиция өкілдерін халық жағына өтуге үндеді. Оның айтуынша, "Ислам Республикасы 46 жыл бойы өз халқымен соғысты. Бұл соғыс аяқталды, енді елге болашақ керек".
Реза Пехлеви – АҚШ-та, Мэриленд штатының Потома қаласында тұрып жатқан эмигрант. Ол бірнеше онжылдықтар бойы саяси белсенділік танытып келеді. Ирандық диаспораның бір бөлігі – әсіресе Батыс елдеріндегі жастар – оны болашақтың символы ретінде қабылдайды. Жуырда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да Пехлевидің бастамаларын қолдап, "иран халқының азаттығын жақтайтынын" мәлімдеді.
Алайда халықаралық қолдаулардың өзі Иран ішіндегі ахуалмен тікелей қабыса бермейді. Ел ішінде халықтың едәуір бөлігі шах кезіндегі режимді ұмыта қойған жоқ. Сондықтан Пехлеви атымен байланысты кез келген қозғалыс әлі де күмән мен пікірталас тудырады.
Реза Пехлеви ұсынған транзиттік жоба Ирандағы барлық оппозициялық топтарды біріктіруге арналса да, бұл бағытта үлкен кедергілер бар. Оппозиция бірнеше топтан тұрады: монархистер, радикалды-исламдық топтар, этникалық қозғалыстар (курд, балух, әзери), және демократиялық бағыттағы азаматтық қозғалыстар. Олардың саяси бағдарлары мен мақсаттары көбіне қайшы келеді.
Reuters агенттігі 2025 жылғы маусымда жариялаған зерттеуінде, Иран оппозициясының әлсіз тұсы – нақты ортақ көшбасшы мен стратегияның жоқтығы екенін атап өтті. Бұл жағдай Пехлевидің жеке саяси салмағын арттырса да, жалпы оппозициялық блоктың ықпалын төмендетіп отыр.
Реза Пехлеви қазіргі режимнің орнына монархияны емес, зайырлы демократиялық жүйені орнатуды көздейтінін бірнеше мәрте атап өтті. Ол өз рөлін ел тағдырын шешетін үдерістерде "символдық көшбасшы" ретінде ғана көреді. Алайда оның әкесінің атымен байланысты ел тарихы, халық жадысында қарама-қайшылық тудырып отырғаны рас. Шах билігі кезінде Иранда индустриализация күшейгенімен, авторитарлық басқару мен әлеуметтік теңсіздік халық арасында наразылық тудырғаны белгілі.
Дегенмен, қазіргі исламдық режимнің ұзақ жылдар бойы жүргізген репрессиялық саясаты Пехлеви заманын ақтап алмаса да, салыстырмалы түрде оны жаңаша бағалауға итермелеп отыр.
Реза Пехлевидің бүгінгі әрекеттері – Иранның болашағына қатысты жаңа дискурстың бастамасы. Ол өзін шахтың ұлы емес, халықтың азаттыққа ұмтылған арманын қолдаушы ретінде ұсынып отыр.