Иранның жоғарғы көшбасшысы қайда? Мәскеу Моджтаба Хаменеи туралы ақпаратқа пікір білдірілді
Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи Ресейде жасырын түрде ем алып жатыр деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Дипломат мұндай хабарламаларды ақпараттық соғыстың бір элементі деп атады. Бұл туралы ТАСС басылымы жазды.
Бұған дейін кувейттік Al-Jarida басылымы 56 жастағы Моджтаба Хаменеи жарақат алып, өткен демалыс күндері шұғыл түрде Мәскеуге жеткізілді деген ақпарат таратқан. Ал Кремль журналистердің бұл мәлімдемеге қатысты сұрағына жауап беруден бас тартты.
«Жоғарғы көшбасшы Ресейге көшірілді деген ақпарат – бұл жаңа психологиялық соғыс. Иран басшыларына қашып, тығылудың қажеті жоқ, олардың орны – халықтың арасында, көшеде», – деді Казем Джалали.
Айта кету керек, Моджтаба Хаменеи 2026 жылғы 8 наурызда тағайындалғаннан бері көпшілік алдына шықпаған. Оның 12 наурыздағы халыққа алғашқы үндеуін мемлекеттік телеарна дикторы оқып берген. Бұл жағдай оның денсаулығына қатысты күмәнді күшейтті.
Жексенбі күні жағдайды Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, көшбасшы «жақсы жағдайда» және елдегі ахуалды «толық бақылауда ұстап отыр».