Иран–Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыс тіркелді
Иран мен Пәкістан шекарасында кезекті қарулы қақтығыс болды. Оқиға Иранның Систан–Белуджистан провинциясына қарасты Сераван қаласы маңында тіркелген.
Бұл туралы Иранның Mehr ақпарат агенттігі хабарлады.
Провинциядағы шекара әскерлерінің қолбасшысы Риза Шекаидың мәлімдеуінше, Иран аумағына заңсыз өтпек болған қарулы топ пен шекара қызметкерлері арасында атыс болған. Қақтығыс барысында шекарашылар қарулы топтың жолын кескен.
Қару-жарағын тастап қашқан
Иран тарапының дерегіне сәйкес, қақтығыс кезінде қарулы топ шығынға ұшырап, кейін шегінген. Олар оқиға орнында көп мөлшерде қару-жарақ пен оқ-дәріні тастап кеткен. Тәркіленген заттардың қатарында автоматтар, тапанша, гранаталар мен түрлі калибрдегі оқ-дәрілер бар.
Ирандық күштік құрылымдар бұл топты аймақта бұрыннан белсенді болып жүрген радикалды ұйымдармен байланыстырады. Атап айтқанда, ресми Тегеран Систан–Белуджистан өңірінде әрекет ететін Джейшул Адл тобының ықтимал қатысын жоққа шығармайды. Аталған ұйым бұған дейін де Иран билігіне қарсы шабуылдар ұйымдастырғаны үшін айыпталған.
Шиеленіске толы аймақ
Иран–Пәкістан шекарасының бұл бөлігі ұзақ жылдар бойы тұрақсыз аймақ саналады. Мұнда қарулы топтардың қозғалысы, контрабанда және шекаралық қауіпсіздікке байланысты оқиғалар жиі тіркеледі. Осыған байланысты Иран билігі өңірде қауіпсіздік шараларын күшейтіп отырғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қақтығыстың салдары мен зардап шеккендер саны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Жағдай шекара қызметінің бақылауында, қосымша мәліметтер нақтыланып жатыр.