Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:43, 02 Наурыз 2022

Іргеңде Ресей тұр...

None
None

Теріскейге көшкен қазаққа

Үй де, жер де жоқ

«Теріскейде жер көп: мал бағасыз, егін саласыз!

Көшіп барамын дегендерге барлық жағдай жасалған!». Қазір осындай қып-қызыл жарнама халық арасында желдей еседі. Ал «Еңбек» бағдарламасымен теріскейге көшіп жатқандардың жайын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бәрі біледі. Өйткені, бұған дейін әлгі жарнамаға сеніп қалған күнгейдегі жұрт буынып-түйініп, теріскейге түпқотарыла көшкен-ді. «Бәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ», деп қазекең айтпақшы, теріскейді қазақыландырайық деп, «бақыр» іздеп барғандардың көбі тақырға отырып жатқан көрінеді. Тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы. Солтүстік облыстарды қазақыландыру үшін жасалған «Еңбек» бағдарламасының сүйкімі осылай кетіп тұр.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп барған белсенді Нұржамал Тамбетовадан бірнеше рет сұхбат алғанбыз. Нұржамал ханым сол сұхбаттарында теріскейді қазақыландырудың кезек күттірмейтін саясат екенін, өйткені өңірде күн санап халықтың азайып, шекаралы аймақтың босап жатқанын ашық айтқан болатын-ды. Ал күнгейден теріскейге көшіп барғысы келетін, тіпті көшіп барған тұрғындарға баспананың жоқтығы қолбайлау болып отырғанын да жеткізген-ді.

Нұржамал Тамбетова сол сұхбатында: «Бейнеш ауылында Бейнеш орта мектебі бар. Білім ошағы жабылудың алдында тұр. Бірақ елді мекенде тұратын үй жоқ. Шымкенттен 5 отбасы келіп еді, үй болмаған соң, басқа жаққа көшіп кетті. Босап қалған үйлердің бәрі тозып кеткен. Тіпті адам тұруға жарамайды. Ауыл тұрғындары облысқа, министрлікке хат жазып жатыр. Олардың жалғыз ғана талабы бар. «Мектебімізді жаппасын. Ауылға жаңа үй салып беріп, оңтүстіктен келетіндерді кіргізсін», – дейді. Білім ошағында 25 оқушы ғана қалыпты. Айта берсең, Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын саны аз ауыл мен бала саны жетпейтін мұндай мектеп көп», – деген еді.

Биыл бұл мәселемен тағы да бетпе-бет келіп отырмыз. Редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына қарайтын сол Бейнеш ауылынан бір топ азамат хабарласты. Былтыр ғана Нұржамал ханым биліктен араша сұраған ауыл. Әлі ешнәрсе шешілмепті. Баяғы жартас – сол жартас.  

Өзін Төлеген Сәткенов деп таныстырған ауыл ақсақалы шешімін таппай отырған түйткілдің көп екенін растады. Оның айтуынша, тоғыз жылдық мектебі бар елді мекенде қазір 44 үй ғана қалған. Ақсақалдың бізге хабарласқан себебі, сол былтырғы жағдай: мектеп жабылудың алдында тұр. Бала саны жетпейді. «Еңбек» бағдарламасымен күнгейден төрт отбасы көшіп келген екен, ескі үйлерді жамап-жасқап бәріне баспана тауып беріпті. Олардан кейін оншақты отбасы көшіп келіп, үй таппай, басқа ауылға кеткен. Ауыл әбден тозған, тұруға жарайтын баспана жоқ. Аудан атқа мінерлеріне «Ауылымызға үй салып беріңдер. Оңтүстіктен келгендерге баспана таппай жатырмыз», деп екі-үш жылдан бері айтудай-ақ айтып жатқан көрінеді. Бірақ әкімқаралар жыл сайын уәде беруімен ғана шектеледі екен. «Ауылымызға жаңа үй салып берсе, «Еңбек» бағдарламасымен көшіп келгісі келетіндер өте көп», – дейді бізге жыларман болған қария.  

Төлеген Сәткенов баспана түйткілінен бөлек, елді мекеннің еңсесін басқан тағы бір құпияны жайып салды. Оның айтуынша, ауылда тоқымдай жер қалмаған. Төрт түлік малдан басқа тіршілігі жоқ ауылдың жайылымдық жерін бір дөкей түгел алып қойыпты.

Т.Сәткенов: «Ауылдың жері Алтынбек Сапаровтың иелігінде. Ол өзі СҚО мәслихатының депутаты. Бұл өңірде оның айтқан сөзі заң. Өйткені, оның туған ағасы Айдарбек Сапаров – ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі. Аудан әкімі, ауыл әкімі түгел соның сөзін сөйлейді. Ешкім қарсы келе алмайды. Біздің ауылды түбірімен құртып, тарих бетінен сызып тастауға айналды. Тіпті Бейнеш ауылы отыз жылдан бері ешқандай мемлекеттік бағдарламаның қызығын көрген емес. Жергілікті шенділер үшін Қазақстанда Бейнеш деген ауыл атымен жоқ сияқты», – деп күйінеді.

Ауыл азаматтарының айтуынша, мұндағы жұрттың тұрмысы жаман емес сияқты. Бәрі мал бағады, шетінен еңбекқор. Ақсақалдың айтуынша, ауыл іргесінде 100 гектар ғана жер бар екен. Ауылдан шығатын үш үйір жылқы, үш табын сиыр – сол тоқымдай, жердің топырағын шығарған. Шабындық жер де, жайылым да сол. «Қиыр теріскейде шөп сатып алып, мал өсіріп отырған біздің ауылдың мұңын «еститін үкімет» қайда?» – дейді, қария. 

Бейнеш ауылының бейнеті мұнымен бітпейді. Елді мекенде ауыз судың әңгімесі кезек күттірмейтін жағдайда. Бұрын әкімдік құбыр тартып, ауылға ауыз су әкелген екен. Бірақ тұрғындардың айтуынша, миллиондаған ақшаға тартылған су сапасыз болып шығыпты. Адам емес, малдың өзі тұмсығын шүйіріп, әрең ішетін көрінеді.

 – Біздің ауыл санаттан қалған. Соған жанымыз күйеді. Жеті шақырым жерде Ноғайбай деген ауыл тұр. Жиырма үй ғана бар. Әлгі әкімқара, шенді-шекпенділердің ауылы. Өркениеттің бәрі сонда. Әр үйдің ішіне құбыр тартылған, таза су сарылдап ағады. Көшесі асфальт, жап-жарық. Биыл сол ауылға мемлекеттік бюджеттен 10 үй салыпты. Оған көшіп барған ешкім жоқ. Ал бізге көшіп келеміз, деген адам көп, бірақ тұратын баспана жоқ, салатын ойларын да байқамадық. Сонда Ноғайбайға үкіметтен ақшаны қалай бөлдіріп, қандай мақсатпен үй салдырып отыр?» – дейді таңданыс білдірген Төлеген аға.

Аманжол Садуақасов есімді екінші тұрғын мектепте от жағушы болып жұмыс істейтінін айтты. Оның да жанын мазалаған жалғыз талап – жер дауы. – Ауыл іргесінде қалың орман бар. Бұрын шөпті сол орманнан шауып алатынбыз. Алтынбек Сапаров деген біреу сатып алды да, бізді орманға жақындатпай қойды. Тіпті орманға тақап тұрып жер жыртып, егін егіп тастады. Бұрынғы шаруалар жерді орманнан 15-20 метр қашықта жыртатын. Қазір ағаштардың тамырын қопарып тұрып жыртып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, орманнан отын да қалмайды. Соны айта-айта шаршадық. Мал суаратын суатқа барсаң, жылқың да, сиырың да дөкейлердің егініне түседі. Содан күнде айғай-шу – дейді ол.

Түркістан облысынан көшіп барған Нұрлан Сәрсенбекұлы Бейнеш ауылындағы тағдыры қыл үстінде тұрған жалғыз мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрыпты. «Еңбек» бағдарламасымен көшіп келіп қоныстанған. Нұрлан да ауылға көшіп келгісі келетін таныстарының көп екенін, бірақ баспананың жоқтығы бәріне кедергі болып отырғанын жасырмады...

Міне, бұл теріскейді қазақыландырамыз деп, қазынадан миллиардтап ақша бөліп жасаған «Еңбек» бағдарламасының сиқы. Халықта кінә жоқ. «Күнгейден жұрт келсін, иен қалған далаға ел қондырайық», – дейді. Бірақ халықтың қалауын орындауға міндетті шенді-шекпенділер «ала қойды бөле қырқып» әлек. Мәселен, Бейнеш сияқты мектебі жабылғалы тұрған, ауылы азып, халқы тозған елді мекен көп. Бірақ жергілікті билік күнгейден көшіп барғандарды сондай ауылдарға қоныстандырудың орнына, жеңіл жағын қарастыратын сияқты. Айталық, аудан орталықтары мен баспанасы жөндеуге жарайтын жағдайы жақсы ауылдарды таңдайды. Өйткені оған қаржы аз кетеді. Жоғары жақтан бөлінген ақшаның бір бөлігін үйді жөндеуге жұмсап, қалғанын қалтаға басуы мүмкін. Осындай тойымсыздықтың салдарынан, теріскейді қазаққа толтырудың орнына барған жұрт байыз таба алмай, кері көшіп жатыр.

Қазақ: «Бос жатқан жер жау шақырады», дейді. Біз елді дүрліктіріп, жамандық тілеп отырған жоқпыз. Бірақ теріскейдегі төрт облысты қазаққа толтырмай, ұйқымыз тыныш болмас. Іргемізде Ресей тұр. Путин түбі бір туысқан Украинаның жеріне көз алартқанда, қыпшақ даласына қызықпайды дейсіз бе? Қызыққанда қандай! Онсыз да Павлодар мен Петропавлды оқтын-оқтын «орыстың жері еді», деп өзеурейтін Жириновскийлері тұрғанда, Ресей жерге тоймайды. Ал біздің шенділер ақша үшін жерін сатып, «Еңбек» бағдарламасы сияқты елдің ертеңі үшін жасалған жобаларды «саудаға» айналдырып жіберді. Алтын мен ақша емес, ақыл мен намыс жинайтын күннің келгенін қашан түсінеміз?!

Тегтер: