ИРСК: Соғыстың қашан аяқталатынын АҚШ емес, Иран шешеді
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін деген сөзіне жауап берді.
ИРСК таратқан мәлімдемеде:
«Соғыстың қашан аяқталатынын біз шешеміз. Майдандағы жағдай мен соғыстың аяқталуы Ислам Республикасының қолында», – делінген.
Бұл мәлімдемені Tasnim агенттігі 9 наурыз күні жариялаған.
Трамп: соғыс аяқталуға жақын
Бұған дейін Дональд Трамп CBS News арнасына берген сұхбатында Иранға қарсы соғыс күтілгеннен әлдеқайда тез аяқталуы мүмкін екенін айтқан.
Оның сөзінше:
«Меніңше, соғыс іс жүзінде аяқталды. Оларда флот жоқ, байланыс жүйелері жоқ, әскери-әуе күштері жоқ».
Трамптың айтуынша, әскери операция жоспарланған мерзімнен де жылдам жүріп жатыр.
Ақпан айының соңында ол соғыс 4-5 аптаға созылуы мүмкін деген болатын. Ал өткен аптада Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Ливитт оның ұзақтығы 4-6 апта болуы ықтимал екенін айтқан.
Иран: АҚШ-пен келіссөз болмайды
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран АҚШ-пен жаңа келіссөз жүргізуді мүлде қарастырмайтынын мәлімдеді.
9 наурызда PBS News арнасына берген сұхбатында ол:
«Бізге қарсы шабуылдар жалғасып жатыр, бірақ біз дайынбыз. Қажет болса, оларды зымырандармен қанша керек болса, сонша уақыт соққылаймыз», – деді.
Аракчи соңғы келіссөз тәжірибесі Иран үшін «өте ащы тәжірибе» болғанын айтып, АҚШ-пен жаңа диалог күн тәртібінде жоқ екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, АҚШ пен Израиль ақпан айының соңында Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастады.
Шабуылдар кезінде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи және тағы бірнеше жоғары лауазымды тұлға қаза тапқан.
Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағы елдеріне және аймақтағы АҚШ нысандарына зымыран және дрон шабуылдарын жасауда.
Соғыс басталар алдында АҚШ пен Иран Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жанама келіссөздер жүргізген, алайда тараптар келісімге келе алмаған.