Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 26 Шілде 2022

Исабаев егіс алқабындағы жаңбырлатып суару әдісімен танысты

None
None

Кербұлақ ауданына жұмыс сапарымен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев егіс алқабындағы жаңбырлатып суару әдісімен танысты.

сонымен қатар құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды да аралап қайтты.

Бірінші кезекте Жоламан ауылындағы «Қызылшоқы» ЖШС қолға алған жаңа технологияны көрді. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестік 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 150-180 мың теңге. Жер көлемі 11 000 га құраса, оның 5 000 га – егістік, 6 000 га – жайылым жер. Жалпы құны 420 млн теңге болатын жаңбырлатып суару технологиясы арқылы 10 дана фрегат жұмыс істеуде. 1 фрегаттың алатын аумағы 40 га жер. Арнайы сорғы арқылы жерасты суымен толтырылатын бассейн көлемі 40 000 текше метр. Сондай-ақ барабан типті жаңбырлатқыш 5 машина  жұмыс істеуде. Дәндік жүгері, жаздық арпа және қант қызылшасы Түркияда шығарылған жаңа технологиямен суарылады.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев BNK group компаниясы арқылы әкелінген озық технологияны өзге де аймақтарда қолдану керектігін, сол арқылы су үнемдеп, мол өнім алуға болатынын айтты.

– Суармалы жердің көлемін арттырып, жұмысшылар санын көбейту қажет. Оларға әлеуметтік жағынан қолдау танытып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға үй беру керек. Сонда жастар ауылдан кетпейді. Тепсе темір үзетін жігіттер қалаға барып, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрмейді. Жастардың оқуға түсуіне көмектесіп, оқу ақысын төлеп, кейін өздеріне жұмысшы етіп алған жөн, – деген Бейбіт Өксікбайұлы аудан шекарасы Шеңгелдімен шектесетіндіктен, пияз егуге қолайлы екенін жеткізді. Және де күреңбелдіктерге сәбіз, қант қызылшасын көптеп егуді тапсырды.

Облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өнім сақтау қоймасын салу туралы ойымен де бөлісті. Егіс алқабында ауданның экономикалық әлеуетімен қатар, инвестициялық жобалар да назарға ұсынылды. Соның бірі – ет бағытындағы кұс фабрикасы, тағы бірі 10 000 бас сиырды құрайтын сүт зауытының жобасы таныстырылды.

Сарыөзек ауылында талай уақыттан бері көтеріліп келе жатқан ауыз су мәселесі әлі де шешілмеді. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайтын ауыз сумен жабдықтау жүйесі қайта салынып бастаған. Алайда «Көлсай Строй» ЖШС қолға алған жұмыс тұралап тұр. Тек 560 млн теңге игеріліп, құрылыс жұмыстары 60 пайызға орындалған. Құрылыс жұмысы өткен айдың аяғында аяқталуы керек еді. Бүгінде 13,5 шақырым су тартқыш желісі тартылып, ішкі су жүйесінің 2 шақырым құбыры салынды. Көлемі 3000 текше метр болатын бір су қоймасы бұзылып, жаңа су қоймасының салынатын орны дайындалды. Қазіргі таңда мердігердің есеп-шоттары бұғатталған, жұмысшы саны аз, жұмысы баяу жүруде.

Аймақ басшысы Бейбіт Исабаев «Көлсай Строй» ЖШС-нің директоры Құрманғали Шадиевке: – Үш-төрт айдан бері 7-8 адам ғана жұмыс істейді. Сіздер қолға алған тек бұл жоба емес, облыстағы басқа нысандарда жағдай осындай. Ақша сұрайсыздар. Бюджеттің ақшасы сіздің жеке қалтаңыздың, болмаса облыстың жеке қаржысы емес, ол халықтың ақшасы. Айтылған уәдені орындау керек. Жақсы жұмыс істесеңіздер, бізде дұрыс қараймыз. Менің ойым, сотқа беру керек. Жалғыз бұл емес, облыстағы барлық жобаларын тоқтату қажет, – деді.

Ал Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернат Бәзіл болса: – Мердігерлердің мұндай көп жобаларды алуы дұрыс емес. Бір ғана «Көлсай Строй» ЖШС облыс шеңберінде 9 млрд теңгелік жұмыс алып алған. Бір жарым жылдың ішінде атқарғаны тек 2 млрд теңгенің жұмысын ғана атқарды. Қазір аяқтауға тиіс мерзімдері келіп жатыр. Сондықтан осы айдың аяғында сотқа береміз. Қазір құжаттары дайылдалуда, – деп келешекте аталмыш мердігер республика көлемінде тендерге қатыспауы керектігін айтты.

Аудан орталығында бес қабатты 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен қатар, аудандық емхана жаңадан бой көтеруде. Мердігер – «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС салған тұрғын үйдің жобалық құны 545 млн 588 мың теңге. Бүгінде соның 470 млн 946 мың теңгесі игерілген. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ұлғайтылған сомаға сәйкес аталған нысан бойынша қосымша келісімшарт жасалуда. Мердігер құрылысты 2022 жылдың шілде айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Құны 2,7 млрд теңге болатын аудандық емханада 60 адам, 3 техника жұмыс істеуде. Бұл нысанда да құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қосымша келісімшарт жасалуда. Ғимаратты тапсыру келесі жылдың сәуір айында белгіленгенімен, мердігер осы жылдың аяғында аяқтауды жоспарлауда. Қос нысанның құрылысын сапалы жүргізу керектігін айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев күрделі жөндеуден өтіп жатқан №49 орта мектептегі мәселені тезірек шешуді тапсырды. Мұнда мектептің бас корпусының жертөлесінен су шығып, мердігер дұрыс жасамаған деп, жұмысты уақытша тоқтатқан, ал қосалқы ғимараттарда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Аймақ басшысы Сарыөзектегі кәріз тазалау стансасын да көріп, құрылыс жұмысымен танысты.

Кербұлақ ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» күре жолындағы құрылыс жұмыстарының барысына назар аударды. Өткен жылы басталған құрылыс кезең-кезеңімен іске асып, биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. Қазір 0-94 жалпы шақырымның 60 пайызы жасалған. Ал Сарыөзек айналма жолының 93 пайызы аяқталған.

Бейбіт Өксікбайұлы аймақтағы ірі цемент өндіру зауытына да барды. «Alacem» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 1,5 млн тонна цемент өндіруге жетеді. Онда М-400, М-450, М-500 маркалы арнайы цементтер шығарылады. Зауыт өнімі ішкі нарықтан бөлек, Орталық Азия, Қытай, Моңғолияға экспортталады. Жер көлемі 40 га алатын зауытта 546 ҚР азаматы жұмыс жасаса, 91 шетелдік қызмет етеді. Alacem ЖШС республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» автомобиль жолының құрылысына 2 миллиардқа жуық теңге бөлген. Келешекте халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдеспек.

Тегтер: