Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:17, 19 Қазан 2023

Исабаевтың әртістері театрда түнеп жүр дейді

4
Фото: из открытых источников

Жетісу облысының орталығында Бикен Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театры деп аталатын рухани қара шаңырақ бар. 

Редакцияға сол театрға қатысты бір қызық ақпарат келіп түсті. Биыл ғана оқу бітіріп барған қыз-жігіті аралас 7-8 жас актер баспана таппай, театрдың ішіне қонып-түнеп жүр дейді. Жатақхана жағалап жүр екен немесе саяжайларда тұрады екен десе, ақылға сияр еді. Ал театрдың ішінде тұру, сонда қонып-түнеу, сонда жұмыс істеу – бір облыстағы мәдениеттің, руханияттың қара шаңырағы саналатын театр үшін ғана емес, облыс әкімдігі үшін де ауыр сын.

Бикен Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театры жарты ғасырлық тарихы бар, қазақ өнерінің бір топ шоқ жұлдыздарын өсірген өнер ордасы. Жыл сайын Алматы мен Астанадағы өнер оқу орындарын бітірген қаншама жас түлек сол театрға барып жұмысқа тұрады. Бір қызығы, драма театрына кірген актер де, жұмыстан шығып жатқан мамандар да көп. Оның жалғыз себебі, театр әртістері уақытша болса да тұрақтайтын жатақхананың жоқтығы.

Алматыдағы Әуезов театры мен Мүсірепов театрында оқу бітіріп келген жас актерлер есін жиып, үйлі-күйлі болып алғанша тұрақтайтын жатақхана бар. Мүйізі қарағайдай әртістердің көбі сол жатақханаларда тұрып, бас құрап, балалы-шағалы болып, ақша жинап, баспаналы болды. Сондай мүмкіндіктің Талдықорған театрында қарастырылмағаны қызық. Ғимараты жаңарды демесеңіз, бұл театр бұрыннан бар. Оның үстіне, Жетісу жаңа облыс аталғанымен, баспана мәселесінде аса қинала қоймауға тиіс. Облыс екіге бөлінгенде біршама жұрт бері төңкерілді, босаған үйлер де аз емес деп естиміз. Оның үстіне, жаңа облыстың жаңа әкімдігі құрылғалы да жыл жарым уақыт өтті, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бір жатақхана салуға уақыты да, мүмкіндігі де жеткілікті еді. Жатақхана салмаған күннің өзінде, аттай қалап алдырған мамандарды театрға түнетер жөні жоқ еді.

Жуырда Талдықорған қазақ драма театрының ашылу маусымына Исабаев келіп қатысып, сөз сөйлеген. Театрда қонып-түнеп жүрген жастардың жағдайынан хабары бардай көрінген, қысқа дейін мәселені шешеміз деп сөз беріп кеткен. Қыс әне-міне есік қағып тұр, бірер аптада шешіле салар бұл неғылған оңай мәселе десек, театр балансында тұрған төрт бөлмелі жалғыз пәтер бар екен. Соны күрделі жөндеуден өткізіп жатқан көрінеді. Сонда, 4 бөлмелі жалғыз пәтерге әлгі 7-8 жас түгел сыйып кете ме деп уайымдамаңыз, бұл стратегиялық жүріс. Театрдың бір қуысында бас қалқалап жүрген жастарға төрт бөлмелі пәтер хан сарайынан кем көрінбейді. Сондықтан бәрімізге бір-бір бөлмеден бер деп шуламайды. Оның үстіне, театрда түнеу, тар бөлмеде қысылысып күн кешудің өнерпаз үшін мұның символикалық мәні бар болуы да мүмкін. Әйтпесе, Исабаев әкімдігі жеті-сегіз актерге уақытша баспана тауып бере алмай отыр дегенге ешкім сенбейді.

Жас актерлеріне пәтер тауып бере алмай, театрға қондырып жүрген ұжымға қоңырау шалдық. Бикен Римова театрының директоры Ерлік Жуасбек (ағасы, Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбекпен шатастырмаңыз) ә дегеннен сұрағымызды ұнатпай қалды. «Биыл жұмысқа тұрған жас актерлеріңіз театрға қонып жүр екен, сол рас па?» деп едік, тосылып барып, «кім екен ол, оны кім айтып жүр?» деді. Ары қарайғы әңгімеміз сөзбе-сөз былай өрбіді:

- Ондай информация жоқ бізде. Өтірік. Театрда түнде қалып жұмыс істейтін актерлер бар. Репитицияда. Ал жатады деген нәрсе жоқ.

- Театр балансындағы пәтердің жөндеу жұмыстары бітпей, театрға қонып жүр екен актерлер.

- Жоқ, бітті. Кірген жоқ, бірақ бітті. Балалар уақытша басқа жақтарда тұрып жатыр.

- Қайда тұрып жатыр?

- Бұл сұрағыңыз кішкене артықтау. Квартира бітті деймін. Енді көшіп кіреді үйге. Жастардың бәрі қазір фестивальде жүр.

- Театр әртістерінде пәтер проблемасы жоқ па сонда?

- Ондай проблема жоқ. Бәрі жақсы... Бәрі керемет. Қазір сізбен сөйлесуге ыңғайсыз болып тұр, қасымда адамдар бар – деп, телефонды үзе салды...

Театр басшысының «бәрі керемет» дегенін түсіне алмадық, БАҚ өкілі өзі хабарласып тұрғанын пайдаланып, жастардың мәселесін шешуге тырыспайтын да сияқты. Біз мұнымен тоқтап қалмай, басшысы білмесе, қатардағы әртістер білер деп, тағы біраз әртіске хабарластық. Бірі телефон тұтқасын көтермеді, бірі жауап беруден бас тартты. Театрда түнеп жүрген жастар «сыртымыздан жаза берсін, біз араласпай-ақ қояйықшы», деп сәлем айтыпты. Тек мәселені өршітпеуімізді, шулатпауымызды және атын атамауды сұраған актерлердің бірі:

- Театрда проблема жоқ емес, бар. Ал мына жастардың әне-міне шешілгелі тұрған пәтер мәселесін шулатсаңыздар, обалына қалуларыңыз мүмкін. Басшылық та театр әртістерінде баспана түйткілі барын ашық айтып жүр, жасырмайды, – деп, бастады сөзін.

- Сонда пәтер бермей қоя ма? – деп сөзін бөлдік.

- Әңгіме онда емес, біз де аяғымыз салбырап аспаннан түсе салған жоқпыз ғой. Жас болдық, оқу бітіріп келіп, осылар сияқты пәтер жалдап қаңғырдық. Одан өлген жоқпыз. Жастар солай өсуі керек. Оларға тегін үй бере салатындай кім? Кеңес одағы емес, бұл нарықтық экономикаға байланған Қазақстан. Бүгін ғана оқу бітіріп келіп, пәтер сұрау дұрыс емес. Еңбегі сіңсін, қызмет етсін! Содан кейін бірдеме сұраса жарасады. Соның өзінде тегін үй деген батпан құйрық жоқ қазір. Жастар-жастар деген сайын масыл болмауы керек адам. Оқу бітірген осы жас актерлерді түсінбеймін. Олар неге Алматы мен Астанадан шыққысы келмейді? Өнерді дамытамын десе, Жезқазғанға барсын, Қостанайға, Петропавл мен Павлодарға барсын. Тұз төгіп қойғандай Алматы мен Астанаға неге үйір бұлар?

Аға-актердің әңгімесінен театр басшылығына сөз тигізгісі келмейтінін, Исабаевтың аты аталса, тіпті шаң жуытпайтынын байқадық. Ал жас актерлерге жанашырлықтан гөрі, ықылас-пейілінің қатқылдау екенін өзі де жасырмады.

- Биыл ғана жұмысқа тұрған жас актерлер қанша айлық алады? – деп сұрадық.

- Мен бухгалтер емеспін ғой, шамамен 170-180 мың теңге алады. Ұзақ жыл осы театрда қызмет етіп жүрген біздің өзіміз 250 мың теңге ғана аламыз, соны жеткізіп отырмыз, – деді.

- Талдықорғанда пәтердің бір айлық жалдау құны қанша?

- Ол жағын білмеймін, сен мені театрдың бухгалтері қылып алдың ғой, – деп ашуланып қалды. Содан-ақ әңгімеміз жараспады.

Театрда түнейтіндей жас актерлердің басына не күн тууы мүмкін? Мұндай заңды сауалды кез келген адам қояды. Егер айлығы шайлығынан асып тұрса, қай актер жайлы пәтерде, жағдайы бар үйде тұрып, театрға жұрт қатарлы өз үйлерінен бармайды дейсіз? Krisha.kz сайтында Талдықорғандағы 1 бөлмелі пәтердің бір айлық жалақысы – 80-100 мың теңге, 2 бөлмелі пәтердің жалдау құны – 110-130 мың теңге деп тұр. 170-180 мың теңге айлық алатын театр әртістері ондай ақша төлеп пәтер жалдай алмайтыны белгілі. Бірақ бұл жас актерлер театрда түней берсін дегенді білдірмейді.

Жарас Шөке

Тегтер: