Ішкі туристердің саны 6 млнға жуықтады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ішкі туристердің саны 6 миллион адамға жуықтады.
Саяхатшылар, негізінен, табиғаты әсем ұлттық парктерге жиі барады. Яғни дұрыстап ұйымдастырсақ, туризмге салынған әр тиынның еселеніп қайтатыны көрініп тұр.
Осы тұрғыда, еліміздің батыс қақпасы болып саналатын Ақ Жайық өңірінің туристік әлеуеті жоғары. Біріншіден, іргеде алып мемлекет Ресей орналасқан. Оның бес губерниясы Батыс Қазақстанмен шектеседі. Жағырапиялық жағынан, көліктік-логистикалық тұрғыдан өте ыңғайлы. Сол себепті өңірде туристік қызметті дамытудың бірнеше бағыттары анықталған. Олар: киелі орындарға тәу ету, археологиялық жәдігерлер мен мұражайларды тамашалау, шипажайларға бару, Жайық өзені мен Шалқар көліне, Бөкей ордасы мұражай-қорығына саяхаттау, балалар-жасөспірімдер туризмі кластері. Осы туристік бағыттарды дамытудың қай-қайсысына да мемлекет қаржысы мен жеке инвестициялар ауадай қажет.
Жайық өңіріне есімі кеңінен танымал белгілі археолог-ғалым, тарих ғылымының докторы Мұрат Сыдықовтың айтуынша, жұмысты бастар алдында қолда бар әлеует егжей-тегжейлі сарапталуы тиіс. «Батыс Қазақстанда киелі сипаттағы тарихи орындар жетерлік. Соның бірі – 2001 жылы табылған, Қазақстанның 100 киелі орнының тізбесіне енген, XIII-XIV ғасырларға жататын Жайық қалашығының орны. Күні бүгін ол қараусыз жатыр. Егер оны мемлекет қамқорлығына алып, аспан асты мұражайына айналдыратын болса, өңірге келетін саяхатшылар легі көбейер еді. Жалпы, бізге дәл осындай 500-ге тарта қалашықтар мен қорғандар, жалпы саны екі мыңға жуық археологиялық ескерткіштер белгілі. Басым бөлігі Қазақстанның тарихи-мәдени қорғаудағы ескерткіштері тізіміне енген. Бұларды туристер қызығатын орындар кейпіне келтіру үшін үлкен материалдық ресурстар қажет. Сапалы жолдар салынып, тиісті инфрақұрылым қалыптасса ғана оң нәтиже болады», – дейді М.Сыдықов.
Өз уақытында ғалым Орал қаласында «Ортағасырлық қала мәдениеті және Жайық өзені бассейніндегі көшпелі өркениет» тақырыбында ірі халықаралық конференцияның өтуіне ұйытқы болған еді. Алқалы жиында Қазақстан, Ресей, Нидерланды, Жапония, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Украина, Өзбекстан мемлекеттерінің ғалымдары Жайық қалашығына аспан асты мұражайы мәртебесін беруді бірауыздан қолдады.
Сапалы жол демекші, өңірдегі ең маңызды туристік нысандардың бірі – Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені облыс орталығы Оралдан 500 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазақтың соңғы хандары Бөкей мен Жәңгірдің бай мұрасы жинақталған, күй атасы Құрманғазы, ағартушы ғалым Шәңгерей Бөкеев, ақын Ғұмар Қараштың табаны тиген Ордаға күн ашық-жарықта болмаса, жылдың қолайсыз мезгілдерінде жету мүмкін емес. Өйткені екі ортада қатқыл табанды жол жоқ. 2018 жылы басталған қатқыл табанды жол төсеу жұмысының қарқыны әлі де нашар. Билік өкілдері жол 2023 жылы бітеді деп уәде беруде. Уәде созбаққа салынбай, орындалса, жергілікті жұртқа да, туристерге де жақсы болары даусыз. Оған қоса, шалғайда жатқан Бөкей ордасы, Казталов, Жәнібек аудандарына шағын авиация барады делінгелі де біраз болды. Бірақ өте жақсы бастама, әзірге, жалғасын табар емес.
Батыс Қазақстан өңірінің інжу-маржаны саналатын Шалқар көлінде туризмді дамыту мәселесі көтерілгелі біраз уақыт өтті. Кезінде көл жанынан жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін халықаралық демалыс орталығын салу туралы ұсыныс айтылды. Тіпті 5 гектар жер телімі бөлініп, ҚР Білім және ғылым министрлігі 300 орындық лагерь құрылысына келісімін де берген болатын. Жоба бойынша Сасай тауында тау шаңғы базасын салу, желкенді спорт үйірмесін, аквапарк, бассейн ашу көзделген еді. Өкінішке қарай, құны 2 млрд теңге құрайтын аталмыш жоба әлемдік қаржы дағдарысына орай кейінге шегерілді. Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кенішін игеруші инвестор КПО б.в. компаниясы тарапынан қаржыландыру мәселесі де, әзірге, шешімін таппай тұр. «Жайық өңірі – Еуразияның кіндігінде орналасқан. Облыста 97 мың бала, ал жалпы, Қазақстанда 2,5 млн бала бар. Егер, елдегі әр бала ең болмаса, жылына бір рет Шалқарға келіп демалатын болса, онда оның мультипликативтік экономикалық тиімділігі өте зор болады», – деп топшылайды жергілікті сала мамандары.
Балалар мен жасөспірімдер туризмі кластерін дамыту мәселесіне келетін болсақ, ол Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы базасында жүргізілмек. Орталық тек өңірдегі ғана емес, күллі Қазақстанда озық заманауи жұмыс әдістерімен ерекшеленеді. Мұнда шәкірттер өлкетанумен, экологиямен, археологиямен, ноологиямен тұрақты түрде айналысуда және барлығы ғылыми жүйеге негізделген. Үздік оқушылар дүниежүзі бойынша өтетін түрлі байқауларда жеңіске жетіп жүр.