Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:25, 03 Мамыр 2022

Ішкі туризмнің тың бағыттары табылды

None
None

28 сәуірде Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отандық туроператорлармен, бизнесмендермен, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы АҚ және Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында министр сала өкілдерімен Қазақстанда жаңа туристік бағыттарды құру және жайластыру мәселелерін талқылады.

«Біз шет елдердегі гранд турлардың көптеген мысалдарын білеміз. Мысалы, Швейцарияда бүкіл ел аумағын қамтитын үлкен тур өтеді, оны туристер бөліп-бөліп немесе толығымен өткізе алады. Осылайша, бір саяхатта сіз бүкіл бағытты біле аласыз. Маршрут бойында түрлі тақырыптарға арналған, көліктің әр түрінде түрлі іс-шараларды ұсынатын түрлі турлар құрылуы мүмкін», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Дәурен Абаев ұсынылған маршруттар тақыр жерде құрылмайтынын айтты. «Тапталған соқпақ» қағидаты бойынша туристерге қызықты, әрі сұранысқа ие маршруттар, бірінші кезекте, жақсартылады және дамытылады. Қазіргі кезде еліміздің бес өңірінде туристік бағыттар анықталған: олардың ішіндегі ең танымалдары – оңтүстік-шығыстағы «Алматы: 4 маусым» мен Қазақстанның оңтүстігіндегі «Ұлы Жібек жолы». Бұл ретте, «Жібек жолы» бағыты қолданыстағы трансшекаралық бағыттың бір бөлігі саналады және Қытаймен шекарада басталып, Өзбекстанда жалғастырылуы мүмкін. Одан әрі еліміздің оңтүстік-батысындағы «Маңғыстаудың» көздің жауын алар пейзажы, шығысында «Алтайдың» тұмса табиғаты мен «Сарыарқа» бағытының екі бөлігі: солтүстік және шығыстағы – Бурабай, Имантау – Шалқар, Баянауыл және Қарқаралы далаларындағы інжу-маржандарымыз бар.

Министрлік осы бағыттарды жоспарлы түрде дамытуды ұсынады: алдымен, таңдалған маршруттарды абаттандыру, екінші кезеңде, «жұмсақ» инфрақұрылымды және маршруттарды сапалы тұрғыда дамыту. Келесі кезең – туроператорлармен бірге мақсатты түрде турларды белсенді түрде жылжыту.Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл мәселеде мемлекет пен нарықтың бірлескен «командалық жұмысы» маңызды. Өз кезегінде, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниел Сержанұлы Kazakh Tourism-нің негізгі күш-жігері мамандарды оқыту, стандарттау және маркетинг жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, гранд маршруттар айналасындағы туристік өнімдерді дамытуға бағытталатынын айтты. Кіру және ішкі туризм бойынша отандық туроператорлардың басшылары маршруттарды жүйелі әрі нақты дамытудың маңыздылығына, сонымен бірге туристердің жайлылығын арттыруға көмектесетін кейбір проблемаларды шешу керектігін де атап өтті.Кездесу аясында NeoNomad акциясы туралы айтылды. Жобаның мәні – Қазақстан ішінде туристердің келуіне ұсынылатын орындар тізімін қалыптастыру. Акция биылғы жылдың мамыр айына жоспарланған. Акцияның негізгі идеясы – туристерді арнайы фотоспоттарда суретке түсіру. Жобаға барлық өңірлер бойынша 20 орын қамтылған, объектілердің бір бөлігі гранд маршруттар бойында орналасқан.

Айтпақшы, мұның алдында ғана Шығыс Қазақстанға сапармен барған министр Дәурен Абаев бірқатар тарихи-мәдени нысандарды аралаған еді. Атап айтқанда, министр Жидебай-Бөрілі қорық-музейіне, Жидебай шатқалындағы Абай музей-үйіне, Абай-Шәкәрім кесенесіне, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі, Ақшоқы ауылындағы Құнанбай музейі, Сырт-Қасқабұлақ пен Семейдегі Абай музейіне барған.

«Шығыс Қазақстанның киелі нысандары – халқымыздың тарихи және рухани құндылыққа ие мекені саналады. Мұнымен ешкім дауласпайды. Біздің міндетіміз – осы мұраны құрметтеу және сақтау, оны барша қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін қолжетімді ету. Сонымен қатар біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туристер үшін қызықты екенін ұмытпай, осынау үрдісті қолдау қажет. Қолда бар әлеуетімізді іске асырып, бұл өңірді этнографиялық және экологиялық туризмнің орталығына айналдыруымыз керек», – деді Дәурен Абаев.

Министр Абай Құнанбайұлының музей үйінде ұсынылған экспозициямен танысты. Айта кету керек, Жидебайда ақын өмірінің соңғы 10 жылы өткен. Мұнда Абай шығармаларының едәуір бөлігі жазылған. Жидебайда Абай-Шәкәрім кесене кешені де бар. Кесене кешенді сәулетші Бек Ыбыраевтың жобасы бойынша салған. Құрылыс 1993 жылы наурызда басталып, 1995 жылы аяқталған. Кесене кешеннің тұжырымдамасының негізіне қазақтың космогониялық бейнесі алынды. 2020 жылы Жидебай нысандарында жөндеу және ғылыми қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Бөріліде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ата-анасының қыстауы болған. 1987 жылы жазушының 90 жылдығына орай қыстау қалпына келтіріліп, музей үйі ұйымдастырылған. Араға он жыл салып, 1997 жылы жазушының ата-анасы Омархан мен Нұржамалдың зиратына кесене тұрғызылды. Жобаның авторы –сәулетші Бек Ыбыраев. Музей үйінде 2020 жылы ғылыми реставрациялық жұмыстар мен музейлендіру жүргізілді.

Құнанбай музейімен танысу барысында Дәурен Абаевқа Абайдың әкесінің өмірі мен қызметі туралы ақпарат беріліп, құнды жәдігерлер мен заттар, тұрмыстық заттар көрсетілді.

Музей 2020 жылы салынған, оның интерьері заманауи талаптарға сәйкес жасалған, конференц залдар мен көрме залдарын қамтиды.

Тегтер: