Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Наурыз 2022

Исі қазақтың гәзеті

None
None

Халқымыздың рухани өмірі дегенде, есіме алдымен түсетін жәйт – «Лениншіл жас» атты гәзетті 7-сынып шәкірті кезімде алғаш рет көргенім.

1951-жылы. Комсомол ұйымының Жаңа жыл алдындағы жиналысында ұйым хатшысы: «Оқушылар,  алдымыздағы жылдан бастап, «Лениншіл жас» деген гәзетті оқитын боламыз. Тігіндісі кітапханамызда сақталады. Соны кезекпен алып оқып жүріңдер. Республикалық комсомол гәзеті. Өте пайдалы болады», деді. Кітапханамызда облыстық «Алтай большевигі» мен республикалық «Социалистік Қазақстан» гәзеттерінен басқа гәзет те, ешбір журнал да жоқ болатын.

Жиналыс аяқталған соң, мектеп директоры, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін оқытатын Жәмелов Фатих ағай (жасы 60 шамасында): — Балалар, сәл кідіріңдер, жаңағы гәзет туралы айтып берейін, — деді. Гәзетті жаздырып алу қиын болғанын, партия ұйымы күш салған соң, ғана қолы жеткенін айтып өтіп: — Бұл гәзет әуелде, 1922-жылы, Тәшкентте шықты. «Жас қайрат» деген атпен. Алғашқы редакторы… аты… аты есіме түспей тұр… Ұзақбай ма, Ұлықпан ба, әйтеуір «ұ» әрпінен басталатын, ал фамилиясы Мұратбаев. Редакцияның жауапты хатшысы атақты ақынымыз Ілияс Жансүгіров болды, — деп  біраз әңгіме айтты.

Сол «Лениншіл жастың», бүгінгі «Жас Алаштың», содан бергі оқырманымын. Жазушылар, комсомолдар одақтарымыздың негізін қалаған, көркем әдебиетіміздің туын көтерген классиктеріміздің, олардан кейінгі буынның көрнекті өкілдерінің бәрінің дерлік шығармалары оқырмандарға, алдымен, осы гәзет арқылы жетті. Ол қаламгерлердің бірсыпырасы редакцияда қызмет істеп, әдебиет әлеміне осы ұядан ұшып шықты.

Тарихының бірінші ғасыры атап өтіліп жатқан гәзет ұжымына әрқашан абырой-бедел тілеймін! Кәрі-жас оқырмандарын уақтылы, әділ, батыл мақалаларымен сүйіндіріп, жас талаптардың жақсы әсерлі әңгіме- өлеңдерімен риза ете берсін!

                                                

Тегтер: