Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 15 Тамыз 2023

Іскер қала жобасы қалай іске асады?

None
None

Шымкент кәсіпкерлікті дамыту бойынша елімізде алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Мұның себебін шымкенттіктердің бизнеске бейімділігімен де, сонымен бірге үшінші мегаполисте кәсіпкерлікті өркендетуге қажетті жағдайлардың жасалғанымен де түсіндіруге болады.

 

 Өз кәсібін ашуға ниет білдірген азаматтарды қолдау үшін  Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған «Іскер қала» жобасына биыл 1,4 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.Бүгінде ерекше креативті бизнес идеясы бар немесе аяқтан тұруды қажет ететін кәсібі бар бастамашыл 215 жобаға 516,3 миллион теңгеге қолдау көрсетілген. Оның ішінде шағын несиелендіру бойынша 497,8 миллион теңгеге 204 жоба, жалдау ақысын өтеу бойынша 18,5 миллион теңгеге 11 жоба мақұлданған.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бойынша жас және әйел кәсіпкерлер үшін жылдық 1%-бен 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар өнеркәсіптік парктерді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге тоқтап тұрған өндірістік кәсіпорындардан өнеркәсіптік алаңдар беріледі. Өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер алуға болады.

Осы жерде біраз статистикаға тоқтала кетсек. Шымкент қаласында биылдың алты айының қорытындысы бойынша 128,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 46,4 пайызға көбейген. Мегаполисте 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асыру үшін жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 227 инвестициялық жобадан құралған арнайы база жасақталған. Бұл инвестициялық жобалар аясында жаңадан 18 мыңнан аса жұмыс орны ашылатын болады. Соның ішінде биыл құны 129 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жобаны іске асыру, сол арқылы 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қала аумағында жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда онда жалпы сомасы 358 миллиард теңге болатын 337 жоба іске асырылуда.

Жалпы, Шымкентте кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруда индустриалды аймақтардың алар орны ерекше. Олардың саны жыл санап көбейіп келеді. Қайнарбұлақ тұрғын алабында тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағыттылған «Бозарық» индустриялық аймағының құрылысы жүріп жатыр. 132,9 гектарды құрайтын аймаққа инфрақұрылым тартылуда. Жоспар бойынша «Бозарық» жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Бұл Шымкенттің экономикасы, өнеркәсібін жаңа белеске көтерудегі өте маңызды қадам болмақ. Индустриялық аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жасақталған.  

Сондай-ақ Шымкентте жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылуда. Оны белгілі бизнесмен, Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов салып жатыр. Компания бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазалап, инвестор ретінде өз қаражаты есебінен барлық инфрақұрылым желілерін жүргізген.

Енді бұл аумаққа заманауи талапқа сәйкес келетін өндірістік ғимараттар, ангарлар саламыз. Шағын зауыт немесе цех ашуы үшін кәсіпкер мемлекеттен жер алуы керек. Одан кейін ол жер теліміне электр қуатын, жол, су, газ бен кәріз жүйелерін жеткізу деген де өте ауқымды жұмыс. Әрі мұның барын техникалық талаптарға сәйкестендіріп, тиісті органдардан рұқсат алуға тура келеді. Оған қоса, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкестігін де растау керек болады. Ал біздің индустриалды аймаққа келіп, дайын өндірістік ғимаратты жалға алған кәсіпкер осы кедергілер мен әурешіліктен құтылады. Өндірістік құрылғыларын орнатып, жұмысын тез-ақ бастап кетуіне болады.

Алғашқы кезеңде 27 мың шаршы метрлік ангарлар биыл салынып бітеді. Әрі қарай тағы да ғимараттар салып, аймақты кеңейте береміз. Болашақта бұл аймақта шамамен 100 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді деген болжамымыз бар. Жалға алу тарифтерін Шымкент қаласының әкімдігімен келісе отырып белгілейміз, – дейді бизнесмен.  

Мегаполисте сондай-ақ 2021 жылы жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылған. Жаңа индустриялық аймақтың аумағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларындағы жобалар жүзеге асады.

Тегтер: