Исламабадтағы жарылыс: кемінде 12 адам қаза тапты
11 қараша күні Пәкістан астанасы Исламабадта сот ғимараты маңында жарылыс болып, кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 27 адам жараланды.
Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Мохсин Накви хабарлады.
Жарылыс сот ғимаратының жанында болған
Министрдің айтуынша, жанкешті террорист алдымен сот ғимаратына кіруге тырысқан, алайда күзет оны өткізбеген.
«Ол ғимаратқа кіре алмаған соң, маңайдағы автотұрақта тұрған полиция көлігіне шабуыл жасаған», — деді Накви.
Полиция дерегінше, жараланғандардың көбі – жаяу жүргіншілер мен сотқа келген азаматтар.
Накви жарылыстың артында «Талибан» қозғалысы мен Үндістанмен байланысы бар экстремистер тұруы мүмкін екенін де айтты.
Кейінірек Associated Press (AP) агенттігі таратқан мәліметке қарағанда, жарылысқа жауапкершілікті Пәкістандық «Талибаннан» бөлініп шыққан топ өз мойнына алған.
10 қараша күні кешке Пәкістан арнайы қызметтері Ауғанстан шекарасына жақын Хайбер-Пахтунхва провинциясында орналасқан әскери колледжге жасалған шабуылды тойтарған.
Оқу орнына бір жанкешті және бес содыр кірмек болған. Колледж курсанттарын кепілге алу әрекеті дер кезінде тоқтатылған.
Пәкістан билігі бұл шабуылға шекара маңындағы қарулы топтарды айыптағанымен, содырлар өздерінің бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді.