Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:38

Испанияда пойыз апатынан қаза болғандар саны 39 адамға жетті

2
Фото: REUTERS

Испанияның оңтүстігінде жоғары жылдамдықты екі пойыздың рельстен шығып, соғысуы салдарынан қаза болғандар саны 39 адамға жетті, тағы 123 адам жарақат алды.

Бұл туралы Испанияның Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар.

Қайғылы оқиға 18 қаңтар кешке Кордова провинциясы аумағында болған. Iryo компаниясына тиесілі, Малагадан Мадридке бет алған пойыз рельстен шығып, көрші жолға өтіп кеткен де, қарсы бағыттағы, Renfe операторының пойызымен соғысқан.

Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте апаттың себебі әзірге белгісіз екенін айтып, болған жайтты «өте тосын» деп атады. Оның сөзінше, апат түзу әрі толық жөнделген учаскеде орын алған, ал рельстен шыққан пойыз «іс жүзінде жаңа» болған. Көлік саласының сарапшылары да бұл оқиғаны түсіндірудің әзірге қиын екенін жеткізген.

Оператордың мәліметінше, Iryo пойызы соңғы техникалық тексерістен 15 қаңтарда өткен. Малагадан Мадридке бара жатқан пойызда шамамен 300 жолаушы болған. Екінші пойыздағы жолаушылар саны нақтыланбады. Испан БАҚ-тарының дерегінше, екі құрамда жалпы 400-ге жуық адам болған.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Оқиға орнында құтқарушылар тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қатты соққы тиген вагондардағы жолаушылардың нақты саны әзірге белгісіз.

Испания премьер-министрі Педро Санчес жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Қаза тапқандардың жақындарына Испания корольдік отбасы, сондай-ақ Франция президенті Эмманюэль Макрон және Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен көңіл айтты.

Тергеу жалғасып жатыр. Билік апаттың нақты себептерін анықтауға уәде берді.