Испанияда пойыз апатынан қаза тапқандар саны артып жатыр
Испанияда кейінгі 13 жылдағы ең ірі теміржол апаты тіркелді. Ресми билік өкілдері бұл оқиғаны «өте тосын әрі түсініксіз апат» деп атап отыр.
18 қаңтар күні кешке апат Адамус елді мекенінің маңында болған. El País басылымының мәліметінше, жергілікті уақытпен шамамен сағат 19:45-те Iryo пойызы құрамындағы соңғы үш вагон рельстен шығып кетіп, қарсы бағыттағы теміржол желісін жауып қалған. Дәл сол сәтте бұл жолмен қарсы бағытта Alvia пойызы келе жатқан. Машинист төтенше тежеу жүйесін іске қосып үлгермей, пойыздың алғашқы екі вагоны биіктігі шамамен төрт метр болатын теміржол эстакадасынан төмен құлаған.
Соңғы ресми деректерге сәйкес, апат салдарынан 39 адам қаза тапқан, тағы 152 адам жарақат алған. Оның ішінде бес адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін екенін ескертті. Апатқа ұшыраған екі пойызда жалпы 480-ге жуық жолаушы болған.
Андалусия аймағында апат орнына жедел жеткен құтқару қызметтері мен медицина мамандары тәулік бойы жұмыс істеуде. Адамус қаласындағы спорт залы уақытша дала госпиталіне айналдырылған.
Апаттың нақты себептері әзірге белгісіз. Оқиғаны зерттеу үшін тәуелсіз комиссия құрылған. Министр Пуэнте бұл жағдайды «өте оғаш» деп атады, себебі пойыздар соғысқан теміржол бөлігі 2025 жылдың мамыр айында жаңартылған. Ал рельстен шыққан Iryo пойызы 2022 жылы пайдалануға берілген және апаттан небәрі төрт күн бұрын техникалық тексеруден өткен.
Сонымен қатар, бұл учаске адам қателігін болдырмауға арналған арнайы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Renfe компаниясының президенті Альваро Фернандес Эредиа екі пойыз да сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүргенімен, белгіленген шектен аспағанын мәлімдеді.
Көлік министрі апатты «қорқынышты жағдай» деп сипаттады. Оның айтуынша, эстакададан құлаған Alvia пойызы вагондарында 53 жолаушы болған. Жолаушылардың бірі El País басылымына берген сұхбатында апат кезінде қатты сілкініс сезілгенін, пойыз толық тоқтағанға дейін вагонның бір жақтан екінші жаққа шайқалғанын айтты.
«Біз сыртқа шыққанда бірінші вагонның толықтай қирағанын көрдік. Адамдар көмек сұрап айқайлап жатты, біз оларды шығаруға тырыстық, бірақ бұл өте қиын болды», – дейді ол.
Тағы бір жолаушының айтуынша, үшінші вагоннан шыққан соң алғашқы екі вагонның жарға құлағанын көрген.
«Онда қол-аяғы сынғандар, қаза тапқандар болды. Құтқарушылар келгенше қолдан келгенше адамдарды аман алып қалуға тырыстық», – дейді ол.
Iryo пойызының тағы бір жолаушысы жарақаттардың аса ауыр болғанын айтып, кей адамдардың жан тапсырып жатқанын көріп тұрып еш көмектесе алмағанын жеткізген.
Апат салдарынан Мадрид пен Андалусия арасындағы жоғары жылдамдықты пойыздар қозғалысы кемінде төрт күнге тоқтатылды. Жолаушылар автобус қатынасына ауыстырылды.
Испания премьер-министрі Педро Санчес Давостағы экономикалық форумға қатысуын тоқтатып, Испания королі мен патшайымымен бірге апат болған өңірге барды. Ел парламентінде қаза тапқандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Айта кетейік, бұл — Испаниядағы 2013 жылдан бергі ең ауыр теміржол апаты. Ол жылы Галисиядағы Сантьяго-де-Компостела станциясында Alvia пойызы рельстен шығып, 70-тен астам адам қаза тауып, жүзден аса жолаушы жарақат алған еді.