Испанияда пойыз соғысып, кемінде 21адам қаза тапты
Испанияда екі пойыздың рельстен шығып, соқтығысуы салдарынан кемінде 21 адам қаза тапты. Тағы шамамен 100 адам жарақат алған, олардың 30-ының жағдайы ауыр.
Бұл туралы Испанияның Ішкі істер министрлігі дүйсенбіге қараған түні, 19 қаңтарда хабарлады. Қайғылы оқиға 18 қаңтар кешке Кордова провинциясында болған.
Малагадан Мадридке бағыт алған Iryo компаниясының пойызы рельстен шығып, қарсы жолға өткен. Сол жерде ол Уэльва қаласына бет алған қарсы бағыттағы пойызбен соғысқан. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Испандық БАҚ-тың мәліметінше, екі пойызда жалпы саны 400-ге жуық адам болған.
Билік жағдайды бақылауда ұстап отыр
Испания премьер-министрі Педро Санчес Кордовадағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Испания корольдік отбасы қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиға орнында құтқарушылар әлі де жұмыс істеп жатыр. Олар пойыз вагондарында тірі қалған адамдарды іздеуді жалғастыруда. Жергілікті телеарнаға берген түсініктемеде құтқарушылар апат кезінде негізгі соққы тиген вагондарда қанша адамның тірі қалғанын әзірге нақты айту мүмкін емес екенін жеткізді.
Куәгерлер оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаларды жариялап жатыр. Жолаушылар вагондарда түтін пайда болғанын, шұғыл медициналық көмек қажет болғанын айтқан.
Испанияның теміржол инфрақұрылымына жауапты ADIF операторы Мадрид пен Андалусия арасындағы пойыз қозғалысын белгісіз мерзімге тоқтатты. Қазіргі уақытта апат орнында жедел қызметтер, билік өкілдері, сондай-ақ Renfe мен Iryo компанияларының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Малагадан шыққан пойызда болған мемлекеттік RTVE телеарнасының журналисі Сальвадор Хименес соңғы екі вагон рельстен шығып, оның біреуі толықтай аударылғанын айтты. Оның сөзінше, соққының қатты болғаны соншалық, жер сілкінісін еске салған.