Испанияда тағы бір теміржол апаты: Барселона маңында пойыз рельстен шығып, адамдар зардап шекті
Испанияда тағы бір ірі теміржол апаты тіркелді. Барселона маңында Rodalies компаниясына тиесілі қала маңындағы пойыз рельстен шығып, машинист қаза тапты, кемінде 14 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Бұл туралы BBC хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, апат сейсенбі күні кешке Барселонадан шамамен 35 шақырым батыста, Желида мен Сан-Садурни елді мекендерінің арасындағы теміржол учаскесінде болған. Пойыз теміржол бойындағы тіреу қабырғаның опырылып құлауынан кейін соған соғысқан.
Оқиға орнына 35 құтқару бригадасы жұмылдырылды. Вагондардың бірінде қысылып қалған жолаушы аман-есен құтқарылған. Кейін өрт сөндіру қызметі пойыз ішінде басқа адамдар қалмағанын растады. Дегенмен құтқарушылар маңайдағы аумақты толық тексеріп, ықтимал зардап шеккендерді іздеуді жалғастырып жатыр.
Жарақат алғандар Мойзес Броджи, Бельвитже және Вила-Франка ауруханаларына жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың жағдайы тұрақты.
Апат Испанияның солтүстік-шығысында соққан қатты дауыл кезінде орын алған. Елдің шығысы мен солтүстік-батысындағы жағалаулық аймақтарда ауа райына байланысты жоғары дайындық режимі жарияланған. Қолайсыз ауа райы Пиреней тауларында қалың қар жаууына, ал Менорка аралында бірнеше метрлік толқындардың пайда болуына себеп болған.
Айта кетейік, бұл оқиға Испанияда бар-жоғы екі күн бұрын ғана болған тағы бір ауыр теміржол апатынан кейін тіркелді. Андалусиядағы Адамус елді мекенінде екі жоғары жылдамдықтағы пойыз соғысып, кемінде 42 адам қаза тапқан еді. Бұл соңғы он жылдан астам уақыттағы елдегі ең ірі теміржол апаты ретінде бағаланып отыр.