Израиль Дамаскқа және президент сарайы маңына соққы жасады

Израиль Дамаскқа және президент сарайы маңына соққы жасады. Бір адам қаза тапты, ондаған адам жараланды.
2025 жылғы 17 шілдеде Израиль әуе күштері Сирия астанасы Дамаск қаласына және елдің оңтүстігіндегі Сувайда провинциясына бірнеше әуе соққысын жасады. Израиль тарапы бұл әрекетті Сирия аумағында озбырлық көріп отырған друз халқын қорғау мақсатында жасалғанын мәлімдеді.
ЦАХАЛтаратқан мәліметке сәйкес, алғашқы соққы Дамаск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің ғимаратына бағытталған. Одан кейін екінші соққы Сирия президентінің сарайы маңына тиген. Reuters агенттігі куәгерлерге сілтеме жасай отырып, шабуыл сәті халықаралық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілгенін, кейбір ғимараттардың толық қиратылғанын хабарлады.
Сирия Денсаулық сақтау министрлігі бір адамның қаза тапқанын, тағы 18 адамның жараланғанын растады.
Кешке қарай Израиль армиясы Сирияның оңтүстігіндегі Сувайда провинциясына қарай жылжып бара жатқан танктер, зымыран қондырғылары, ауыр пулеметтер орнатылған пикаптар және жол бойындағы әскери көліктерге тағы соққы жасағанын хабарлады. ЦАХАЛ бұл операциялардың мақсаты — друздарды нысанаға алған күштерді тоқтату екенін атап өтті.
Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Сирия үкіметі күштері бәдауи тайпаларымен бірігіп, друздарға қарсы әрекет етіп жатыр деп айыптады. Ол:
«Дамаскқа берілген ескерту аяқталды – енді ауыр соққылар кезеңі басталады», – деді.
Министрдің айтуынша, Израиль армиясыЭс-Сувейдадағы «друздарға шабуыл жасаған күштерді олар толық шегініп үлгермей тұрып жоюға бел буып отыр».
Сирия үкіметі әзірге Дамаскке жасалған соққыларға ресми жауап бермеген. Алайда бұған дейінгі мәлімдемелерінде Израильдің елдің оңтүстігіндегі әрекеттерін «қылмыстық және заңсыз» деп атаған.
SANA мемлекеттік ақпарат агенттігіне сүйенсек, Сирия билігі друз қарулы жасақтарын бейбіт келісімді бұзды деп айыптаған.
Reuters агенттігіне сұхбат берген Эс-Сувейда тұрғындары бірнеше күннен бері ұйықтамай отырғандарын, кей аудандарда жарық жоқ екенін, ал атыстар тоқтамағанын айтқан.
Айта кетейік, Сирияның Сувайда провинциясында 14 шілдеде друздар мен бәдауи тайпалары арасында қанды қақтығыстар басталған. Бұл — 2024 жылдың желтоқсанында Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі алғашқы ірі конфессиялық қақтығыс.
Сирия ІІМ деректеріне қарағанда, 30-дан астам адам қаза тапқан, 100-ге жуық адам жараланған. Ал Ұлыбританияда орналасқан Адам құқықтарын бақылау орталығы кемінде 99 адамның көз жұмғанын, оның ішінде 2 бала, 2 әйел және 14 қауіпсіздік қызметкері болғанын хабарлады.