Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:18

Исраил Сапарбай дүниеден озды

Исраил Сапарбай
Фото: ашық дереккөз

Бүгін, 18 шілде күні, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, драматург әрі композитор Исраил Сапарбай өмірден өтті.

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында хабарлады.

Ақын 85 жасқа қараған шағында, таңғы сағат 4 шамасында Қаскелең қаласындағы өз үйінде ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмған. Қаралы хабарды оның ұлы Нұрлан Исраилұлы жеткізген.

Исраил Сапарбай – 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған. Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. 1973–1975 жж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1976–1983 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 1984 - 1985 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жж. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жж. Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің І хатшысы, 1998–1999 жж. Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрген. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылған.

Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты. 

Жаназа рәсімі мен жерлеу уақыты қосымша хабарланады.