Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлына саяси тыңшылық айыбы тағылды
Түркияның Ыстамбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлы жаңа қылмыстық айыптауға ілікті – бұл жолы оған «саяси тыңшылық» бабы бойынша іс қозғалды.
Президент Режеп Тайип Ердоғанның басты қарсыласы саналатын саясаткер бұған дейін пара алу және қорқыту істері бойынша қамауда болған.
Имамоғлы бар айыптауларды толығымен жоққа шығарып, өз ісін «саяси қысым» деп атады.
Тыңшылық ісі қалай басталды
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, жаңа тыңшылық тергеуі өткен апта басында басталған. Имамоғлы 2025 жылдың шілдесінде қамауға алынған, оған шетелдік барлау қызметтерімен байланысы бар кәсіпкермен қарым-қатынас орнатқан деген күдік тағылған.
Түркияның Anadolu мемлекеттік агенттігі таратқан мәліметке қарағанда, Имамоғлы 2019 жылғы сайлауалды науқанын шетелдік қаржыландыру есебінен жүргізген, ал оның орнына Ыстамбұл тұрғындары туралы деректерді шетелге берген деп айыпталуда.
Тағы кімдерге айып тағылды
Имамоғлыдан бөлек, оның сайлау штабының бұрынғы жетекшісі Неджати Өзкан және оппозициялық Tele 1 телеарнасының жетекшісі Мердан Янардғ та күдіктілер тізімінде.
Hurriyet Daily News хабарлауынша, Tele 1 арнасы мемлекеттік бақылауға алынған, ал оның YouTube арнасы жабылған.
Имамоғлының жауабы және соттағы сөздері
26 қазанда өткен сот отырысында Имамоғлы тыңшылық айыбын да жоққа шығарды.
«Менің ойымша, тыңшылық — бұл опасыздық. Римді өртеді деп айыптау бұдан гөрі шындыққа жақынырақ болар еді»,- деді саясаткер сот залында.
Сот ғимаратының алдында жүздеген жақтастары жиналып, оның бостандыққа шығуын талап етті. Associated Press жазуынша, Имамоғлы жеті айдан кейін алғаш рет Ыстамбұлдың шет жағындағы түрмеден шығарылған.
Саяси контекст және Ердоғанға қарсы күрес
Имамоғлы 2028 жылғы президенттік сайлауда Ердоғанның басты қарсыласы болуы мүмкін деп саналатын тұлға еді. Ол 2025 жылдың наурызында коррупция айыбымен қамауға алынғаннан кейін, Ыстамбұл мэрі ретіндегі өкілетінен уақытша айырылды.
Ол 2019 жылы Жумхурият халық партиясының (CHP) кандидаты ретінде Ыстамбұл мэрі сайлауында жеңіске жеткен. Алғашында сайлау нәтижесі жойылғанымен, қайталанған сайлауда Имамоғлы тағы да ірі басымдықпен жеңіске жеткен.
2024 жылғы муниципалды сайлауда да CHP партиясы бірінші орын алып, сарапшылар бұл жеңісті «Ердоған билігі үшін ең ауыр саяси соққы» деп атаған.
Қамауға алу және наразылықтар
Имамоғлының тұтқындалуы Түркияның бірнеше қаласында жаппай наразылықтарға себеп болды. 100-ден астам адам, соның ішінде BBC тілшісі Марк Лоуэн ұсталып, кейін елден депортацияланған.
Оппозиция өкілдері мен құқық қорғаушылар саясаткердің ісін саяси тапсырыс деп санайды және Түркия сот жүйесінің тәуелсіздігіне сенбейді.