Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлына прокурор 2352 жыл түрме жазасын сұрады
Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құру, парақорлық және алаяқтық бойынша 142 баппен айыпталып отыр
Ыстамбұл бас прокуратурасы биыл наурыз айында ұсталған қаланың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлына қатысты айыптау қорытындысын жариялады. Түрік БАҚ-тарының (NTV, TRT Haber) хабарлауынша, саясаткерге ұйымдасқан қылмыстық топ құру, пара алу және алаяқтық секілді ауыр қылмыстар бойынша айып тағылып, оған 2352 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы сұралған.
Айыптау құжатының көлемі 3900 бетке жеткен. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл істе 402 адам бар, олардың 105-і қамауда отыр.
Имамоғлы «қылмыстық ұйымның негізін қалаушы және жетекшісі» деп аталған және 142 түрлі бап бойынша айыпталып отыр.
Прокуратура мемлекетке келтірілген зиянды 160 миллиард түрік лирасы (шамамен 3,7 миллиард доллар) және қосымша 24 миллион доллар деп бағалаған.
Экрем Имамоғлы 2025 жылдың 19 наурызында қамауға алынған. Оған конституциялық тәртіпті бұзу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және Күрдістан жұмысшылар партиясына (КЖП) көмектесу баптары бойынша айып тағылған.
Саясаткер 2027 жылғы президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның басты бәсекелесі ретінде қарастырылған болатын. Human Rights Watch ұйымы Имамоғлының ісін «саяси астары бар қудалау» деп сипаттады.
Имамоғлының ұсталуына дейін көп ұзамай Ыстамбұл университеті прокуратураның сұрауы бойынша оның жоғары білім туралы дипломын жарамсыз деп таныған.
Бұл шешім оның президенттікке түсу мүмкіндігін жойды, себебі Түркия заңдары бойынша мемлекет басшысы болуға тек жоғары білімі бар тұлғалар ғана қатыса алады.
Қыркүйек айындағы сот тыңдауында Имамоғлы өзіне тағылған айыптауларды «саяси тапсырыс» деп атап, былай деген:
«Бұл айыптау қорытындысын прокурор емес, келесі сайлауда менің жеңетінімді білген адам дайындады», – деп Режеп Тайып Ердоғанды меңзеді.
Экрем Имамоғлы ісі қазіргі Түркиядағы ең ірі саяси процестердің бірі ретінде бағалануда.
Бақылаушылардың пікірінше, билікке қарсы тұрған оппозициялық саясаткерлерге қарсы осындай қудалаулар елдегі демократиялық бәсекенің әлсіреп бара жатқанын көрсетеді.