ISW: Ресей 2025 жылы Украина жерінің 1 пайызынан аз бөлігін ғана басып алған
Америкадағы Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей әскерінің Украина аумағындағы алға жылжуы бар екенін, бірақ шабуыл қарқыны өте төмен деңгейде қалып отырғанын хабарлайды.
Киевтің мәліметінше, Ресейдің әскери шығындары да осы баяу жылжумен қатар бірдей өсіп келеді.
4669 шаршы км – бір жылдық ілгерілеу
ISW дерегінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бері Ресей армиясы Украина аумағының 4669 шаршы шақырымын басып алған. Бұл елдің жалпы аумағының 0,77 пайызына тең. Украина территориясының жалпы көлемі – 603 628 шаршы шақырым.
Бұл көрсеткіш 2024 жылғы ілгерілеуден 22 пайызға жоғары: өткен жылы Ресей армиясы 3734 шаршы шақырым аумақты бақылауға алған еді.
Әр шаршы км үшін – 83 сарбаз шығыны
Салыстырмалы түрде тезірек алға жылжу өте үлкен адам шығыны есебінен жүзеге асып отыр.
Украина Қарулы күштері Бас штабының дерегі бойынша, жыл басынан бері 391 мыңнан астам Ресей әскері қаза тапқан немесе жараланған. Егер бұл көрсеткішті басып алынған аумаққа бөлсек, Ресей бір шаршы шақырым үшін орта есеппен 83-тен астам әскери жоғалтқан болып шығады.
ISW сарапшылары Ресей әскерінің шабуыл жылдамдығын «жай адамның жаяу жүрісінен жылдам емес» деп сипаттайды. Тіпті соңғы апталарда Ресейдің белгілі бір тактикалық жетістікке жеткен бағыттарында да жағдай өзгермеген.
Мысал ретінде Гуляйполе мен Покровск бағыттары көрсетілген.
Эксперттердің пікірінше, жақын уақытта шабуылдың айтарлықтай күшеюі күтілмейді. Өйткені Украина дрондарының «айқын үстемдігі» Ресейге ауыр техникамен маневр жасауға және кең ауқымды жедел шабуылдар ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Мұндай маневрлер үлкен территорияларды басып алу үшін қажет болатын.
Сондықтан Ресей әскері қазір ұзаққа созылатын, шығын көп келтіретін жаяу әскер шабуыл тактикасына тәуелді болып отыр.
Бұдан бұрын AFP агенттігі ISW және Critical Threats Project мәліметтерін талдап, Ресей 2025 жылы шамамен 5400 шаршы км жерді басып алды деген қорытынды шығарған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2000 шаршы км-ге артық.
Бұл есепке Украина басып алынған деп санайтын аумақ та, Ресей бақылаудамыз деп мәлімдейтін территориялар да енгізілген.
Жалпы алғанда, Мәскеу қазір Украина аумағының шамамен 20 пайызын — яғни 120 мың шаршы км-ге жуық жерді бақылауда ұстап отыр.
Ресей ерлерінің 1 пайызы қаза болған болуы мүмкін – The Economist
The Economist журналының бағалауынша, Ресейдің соғысқа дейінгі ер адамдар санының шамамен 1 пайызы майданда қаза тапқан болуы ықтимал. Нақты сан көрсетілмеген, бірақ 2020–2021 жылдардағы халық санағы деректеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 430 мыңнан 680 мың адамға дейін жетуі мүмкін.
НАТО: Ресейдің жалпы шығыны 1,15 миллионға жақындады
НАТО есептеуінше, 2025 жылдың желтоқсанына қарай Ресей армиясындағы қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы саны 1,15 миллион адамға жуықтап отыр.