IT ауылға да жетті
Мемлекет жалпы орта білім беретін мектептерге көңіл бөлу керек. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ерекше атап көрсетті.
Президент тек дарынды балаларды қолдау – балалар арасында алшақтық туғызуы мүмкін екенін жасырмады. Ендігі жерде, қарапайым мектептің оқушыларын тасада қалдырмауға көңіл бөлінбек. Мұнымен бірқатар, келесі маңызды түйіндер де шешілмек. Ол – ауыл мен қала арасындағы алшақтық тыйылып, жұмысы тоқтап қалған балалар үйірмесінің қызметі жанданады. Ал бұл, өз кезегінде, жасөспірімдерді ақпараттық қатерден қорғап, олардың білімін жетілдіріп, күш-жігерін ұштауға мүмкіндік береді.
Осы бастаманы ілгерілету ретінде, Оңтүстіктің және Қарағанды облысының ауылдық жерлерінде ашылған балалар технопаркін айту жеткілікті. Қазалы ауылындағы IT iMAQ-KAZALY балалар паркіне бүгінде 10-17 жас аралығындағы 310 оқушы барып жүр. Технопарк базасында робототехника, компьютерлік және интерактивтік жабдықтар, информатика, радиоэлектротехника, бастауыш техникалық модельдеу, көлік модельдеу үйірмесімен бірге, тілдік орталықтар, 3D принтер, сандық зертхана, дрон аппаратын басқару, жоба дайындау мен оларды өндіріске енгізу ұстанымын әзірлеу жұмыстары атқарылады. Балаларға сала мамандары шеберлік сағатын өткізеді.
– 3D технологияларды оқытатын кабинет мультимедиялық жиhазбен, мультимедиялық құралдармен, 3D принтер және материалдармен қамтылған. Бұл оқушылардың IT саласына қатысты білімін ұштауға септігін тигізіп, сандық технологияның көмегімен түрлі бағдарламаларды меңгеруіне ықпал етеді, – дейді аудандық оқушылар үйінің директоры Қази Иманбаев.
Қарағанды облысының Ботақара кентінде былтыр пайдалануға берілген балалар технопаркін жасақтауға бюджеттен 38 516 мың теңге қаржы бөлінген.
– Бұл арада балаларға робототехника мен IT-технологиялардың негізі түсіндіріліп қана қоймайды, келушілер компьютер мен теледидар сырына қанығады. Технопарк бірнеше оқыту блогынан тұрады. Атап айқанда, «Жобалау технологиясы», «Жасыл технологиялар және экология кабинеті», «Дыбыс жазу студиясы», «Журналистика. Телестудия», «Hi-Tech цех», «Көркем модельдеу» үйірмелері бар. Талапқа сай жабдықталған техникалық орталықта жобалық қуаты 80-100 үміткерді қабылдайтын 6 кабинет жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде оқушылар биология пәнінен өтетін сабақтың тақырыптарын тереңдету арқылы тәжірибелік сынақтар жасауда. Талапты да, талантты балалар ғылыми жарыстарға қатысуда. Мысалы, үйірме мүшелері жаңа тәсіл арқылы астық дақылдарын, гүлдердің сан алуан түрлерін өсіруде. Зертханалық жұмыстарға машықтанған балалар өсімдіктерді баптаудың да дара жолын меңгерді. Ал HI-Tech кабинетінде шәкірттеріміз қыш, фрезерлік, лазерлік кесу, дәнекерлеу станоктарының көмегімен шеберліктерін шыңдауда, – дейді Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің меңгерушісі Бақтықыз Тұртбаева.
Облыстық білім басқармасының хабарлауына қарағанда, сәуір айында осакаровтық өрендерге осындай технопарк ашылады. Бұл Бұқар жырау және Осокаров аудандарындағы 250 баланың ақысыз қосымша білім алып, заманауи технологияның қыр-сырын меңгеруіне жол ашпақ.
Дамыған мемлекеттер инновациялық және технологияны дендеп жолға қойған. Әлем елдері әлі де, ақпараттық технология саласын ілгерілететін кадр тапшылығын шешуді күн тәртібінен түсірген емес. Қазақстанға да, IT мамандар ауадай қажет. Еліміздегі IT компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің мәлімдеуінше, АКТ маманы тыңғылықты, әрі үздіксіз ізденісте болған жағдайда ғана, әлем көшінен қалыс қалмайды. Сала мамандарына ішкі және сыртқы нарықта да сұраныс бұдан әрі іркілмек емес. Демек, бізге қат кадрларды мектеп партасынан дайындауды бүгіннен бастағанда, еш ұтылмасымыз анық.