ІТ дәрігер: науқас пен есхана
Еңбек жолын бастағалы отырған жас мамандар ақпараттық технологиялар мен денсаулық сақтау жүйесін байланыстыратын алғашқы буын саналады.
Бакалавриат деңгейіндегі жаңа білім беру бағдарламасы тұңғыш рет 2019 жылы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды медицина университеті бірігіп ашқан болатын. Бұл мамандықты таңдаған студенттер денсаулық сақтау саласында қолданылатын ақпараттық технологияларды, бағдарламалау құралдарын, сондай-ақ мәліметтер базасы мен биомедициналық ақпаратты өңдеу және талдау әдістерін тыңғылықты үйреніп шықты.

– Соңғы кездері отандық медицинаға көптеген заманауи ақпараттық технологиялар енгізілу үстінде. Ең аяғы, дәрігердің зерттеуінен кейін деректерді өңделу қажеттілігіне дейін. Сондықтан «IT-медицинасында» білім берудің бағдарламасы бірегей. Бізде медициналық және техникалық оқытуды толықтыру әдісі қатар жүргізіледі. Оқу мерзімі төрт жыл. Біздің мамандар бірден екі салада құзыретті. ІТ – дәрігер – болашақтың кәсібі. Әзірге, республикадағы жоғары оқу орындары арасында мұндай ынтымақтастық жоқ, – дейді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «Ақпараттық-есептеу жүйелері» кафедрасының меңгерушісі Алексей Калинин.
Жаңа бағдарлама бойынша оқитын студенттер оқу-тәжірибе кезінде емханалар мен дәріханаларда білімдерін шыңдайды.
– Әлі есімде, университетке түсуге дайындалып жүргенімде бағдарламашы болғым келді. ҰБТ тапсырғанда техникалық университетте менің салама сәйкес келетін бірнеше бағдарлама барын білдім. Бірден ІТ медицинасына қызықтым. Оның бейінді және қиын мамандық екенін түсіндім. Енді өмірімді медицинамен байланыстыруды қалаймын. Бүгінде мемлекетімізде заманауи мамандар тапшы екенін жақсы түсінемін. Болашақта бакалаврлық деңгейде қалмай, міндетті түрде магистратураға түсу жөнінде мақсат қойып отырмын, – дейді президенттік шәкіртақымен оқыған түлек Тамырлан Алдонғаров.

– Биомедицина – барлық жаратылыстану-ғылыми мамандықтардың өкілдеріне арналған бағыты кең сала. Бұған биоинформатика да кіреді. Мәселен, геном құрылымын математикалық әдістермен зерттеу және молекулалық-генетикалық механизмдерді, патологиялық процестердің механизмдерін әртүрлі қырынан зерттеуде ІТ дәрігерлерінің орны бар. Мұның сыртында, жаңа заман мамандары алгоритмдерді құру, деректерді талдап, ақпараттық жүйелерді сараптай алады, – дейді Қарағанды медицина университетінің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Виктор Риклефс.
Айта кеткен жөн, «ІТ медицина» бағдарламасы бойынша білім алушыларға талап қатаң. Әлемнің алдыңғы қатардағы клиникаларында тәжірибе жинаған мамандардың айтуынша, қазақстандық емханалар мен пациенттер арасында кері байланыс жоқ. Дәрігерлер емделушінің ем-домын, жағдайын күнделікті біліп отырудан мүлдем мақұрым қалған. Ал IT мамандары еңбек нарығында көбейсе, бұл олқылық орнына келеді. Заманауи дәрігерлер сырқаттардың сапалы ем алып, кесілінен айығуға септігі мол көрінеді.