IT-Hub жастарға нені үйретеді?
Өткен аптада Талдықорғанда Jetisu Digital IT-Hub технопаркінде облыстық цифрлық технологиялар қолдауымен ұйымдастырылған стартаптардың питч-сессиясы өтті.
Бұл іс-шара 60-тан астам жас инноваторлардың басын қосып, жиында 25 команда инвесторлардың, менторлар мен ІТ қауымдастықтың алдында өз жобаларын ұсынды. Ұсынылған жобалардың ішінде білім беру, экология, денсаулық сақтау саласындағы идеялар, сондай-ақ жаңа бизнес-модельдер мен цифрлық платформалар бар.
Jetisu Digital IT-Hub директоры Талғат Абылаев мұндай бастамалар өңірдің стартап-экожүйесін дамытуға ғана емес, жас кәсіпкерлердің сенімін қалыптастыруға да ықпал ететінін айтады. Оның ойынша, әрбір стартап тек идея емес, одан да жоғары дүние. Аталмыш технологиялар жаңа көкжиектерге жол ашып, жастарды кәсіпкерлікке шабыттандырады. Жаңаша ойлауды қалыптастыратын инновациялар арқылы әлемді өзгертуге әрекет жасайды.
«Мұндай жобалар бізге қажет. Шараға қатысқан 25 команданың әрқайсысы өзекті мәселелерді шешуге өзіндік көзқарастарын таныта отырып, нарықтағы мүмкіндіктері жайлы айтты», – дейді Т.Абылаев.
Былтыр президенттің Жетісуға келген сапарында инновация және бизнес экожүйесін дамыту керектігін айтып, қажетті IT-Hub ашуды тапсырған еді. Жарты жылдан кейін игілікті істің тұсауы кесілген болатын. Jetisu IT-Hub – ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Астана Хаб» және Жетісу облысы әкімдігімен бірлесе атқарылған жоба. Хаб жұмысы нетворкингті дамытуға, тәжірибе алмасуға, HR-ивенттерді, оқыту бағдарламалары мен шеберлік сыныптарын өткізуге, speed-рекрутингке бағытталған. Одан бөлек, орталыққа персоналды басқару тиімділігін арттыру және 2025 жылға IT қызметтерінің экспортына қол жеткізу міндеті де жүктелген.
Жаңа технопаркте жастар саясаты туралы тұжырымдамаға сай цифрлық сауаттылық бойынша өңірлердегі 1,5 млн жасты оқыту жоспарланып отыр. Жастар орталығы жанындағы Jetisu IT-Hub та осы межені орындауы қажет. Хабта жастар өз стартаптарын жасап, кәсіпкерлік жобаларын бастайды. Мақсат – студенттерге IT стартап жобаларды жасауға көмектесу. Олар бізге идея түрінде келеді. Біз оларға еңбекпен модельге қалай жеткізуге болатынын түсіндіру. Хабтың бірегейлігі – бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық оқыту алгоритмдері, кибер қауіпсіздік, қосымшаларды әзірлеу оқытушысыз және дәрістерсіз жүргізіледі. Жасөспірімдер тәжірибелік мәселелерді шешумен қатар, IT негіздерін өздігінен үйреніп, бұл салаға енді келгендерге көмектеседі. Мамандар бұл IT мен креатив индустрияға басымдық бере отырып, қала экономикасында «құрылымдық маневрді» дамытуға жол ашатын инфрақұрылымдық жоба екенін айтады.
Қ.САЙЛАУ
Жетісу облысы