«Ит пішіп, ирек қамшылап!»
Әкім Әйтенов сау басына сақина тілеп алды
Шымкент әкімдігі биылдан бастап, көшедегі қаңғыбас ит-мысықтарды піштіруге бюджеттен 140 миллион теңге, бұдан бөлек, иесіз қалған жануарларды арнайы жайларда ұстау үшін 120 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Бұрынғыдай, қараусыз қалып кеткен жануарлардың көзін жою, өлексесін өртеп жіберу сияқты дүниелердің бәрі ескі Қазақстанда қалып кетті. Біз енді жаңарған, ең ақыры, қаңғыбас ит-мысықтарға дейін алақанына салып мәпелейтін жанашыр Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз ғой.
Мәселенің мәнісі былай: 2021 жылдың желтоқсанында елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» деп аталатын заң қабылданған. Заңда қаңғыбас жануарлардың санын бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен стерилизациялау арқылы реттеу көзделген. Стерилдеу немесе стерилизациялау деген ұғымға аталған заңда «жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру» деген түсініктеме берілген. Қазақша айтқанда, бұл дегеніңіз – ит-мысықтарды піштіру дегенді білдіреді.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандарының жергілікті «Отырар» телеарнасына берген мәліметіне қарағанда, бюджеттен бөлінген 140 миллион теңге қаражатқа иесіз жануарлар піштіріледі, одан кейін ауруларға қарсы екпе егіледі, арнайы чип салынады. Ақыр аяғында, ешкімге зияны тимейтініне көз жеткізілген соң, қайтадан босатылып жіберіледі. Ал қызуқандылау жануарлар арнайы жайларда өмірінің соңына дейін күтіп бағылады. Жоғарыдағы заңның талабы бойынша мұның арасында мамандар иттің иесін іздестіру, оны қожайынымен табыстыру шараларын да жүргізуі тиіс (ит пен иесін кездестіріп, көпшіліктің жүрегін елжіретіп, көзіне жас мөлтілдететін «Бармысың, жануарым» деген бағдарлама ашса, тіптен, қатып кетеді!). Қаңғыбас ит-мысықтарды тарс еткізіп ата салу, дәрі егіп, сеспей қатыру сияқты нәрсенің бәрі өткен шақ. Енді қоғамның қаншалықты мәдениеттілігі, ізгілігі қаңғыбас ит-мысықтарға деген қамқорлықпен де өлшенеді екен (дүние-ай десеңізші, ит аулағыштардың қолынан қапыда мерт болған, өліміне әкім Бердібек Сапарбаевтың өзі аяушылық білдірген Тараздағы Персик атты досымыз осындай ғажайып күнге жете алмай кетті ғой).
Әлеуметтік желіде қазір «ит піштіру» мәселесі қызу талқыланып жатыр. Көпшілік екіұдай пікірде. Біреулер мұның дұрыстығын, ит-мысықтардың көзін жоюға да сонша қаражаттың жұмсалатынын алға тартады. Енді бірі – қаңғыбас ит-мысық азайса, егеуқұйрықтардың көбейіп кететінін айтып отыр. Тағы бірі піштірілген иттің ешкімді қаппайтынына сенімді. Бірақ бостандыққа жіберер кезде мамандар иттен «ешкімді қаппаймын» деген тілхат алмайтыны, айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан бұл әдіс-тәсілдің қаншалықты жемісті болатынына әзірге, болжам жасамай-ақ қоялық. Бәрін уақытында көрерміз.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы осыған байланысты әлеуметтік желіде түсініктеме берді. Оған құлақ түрсек, бұл шаралардың бәрі жануаларды қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау мақсатында жүргізіліп жатыр екен.
– Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес, жануаларды стерилизациялау қаламыздағы қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін қолданылатын шаралардың кешенін білдіреді, – делінген басқарманың жауабында. Қазір онсыз да қазынаның есіл қаржысы қайда жұмсалмай жатыр десеңізші. Қайбір жылдары Оңтүстікте шенеуніктер дәретхана қағазын алуға миллиондап қаржы бөлген еді. Мұның қасында ит піштіру дегеніңіз, әжептәуір салмағы бар дүние емес пе? Оның үстіне, бұл мақсатқа қаржы бөліп жатқан жалғыз Шымкент емес шығар.
Дегенмен осы «кешенді шаралардан» кейін Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов сау басына сақина тілеп алды. Үшінші мегаполистің қай кезде де шешілмеген шаруасы шаш етектен. Ал барлық мәселенің шешімі ақшаға барып тіреледі. Мәселен, бір елді мекенде газ жоқ, енді бірінде тұрғындар ауыз суды құдықтан ішеді. Бірінде жол салынбаған. Жуырда қаладағы мәдениет қызметкерлерінің мүшкіл халі көтерілді. Шаһарда баспана мәселесі өте өзекті. Үйсіз жүрген отбасылардың көпшілігіне мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болу бақыты бұйырмай тұр. Себебі арзандатылған тұрғын үй салуға қаражат жеткілікті көлемде бөлінбейді. Көптеген мекемелердің басы бүтін ғимараты жоқ. Ғимаратты жалдап, көшіп-қонып жүреді. Ал қазақта «сұрағанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман», деген сөз бар. Енді осы сұраған, жылағанның бәрі әңгімесінің соңын «ит піштіруге ақшаны жүз миллиондап төгесіңдер, бізге келгенде, неге жоқ, қаңғыбас ит-мысық құрлы қадіріміз жоқ па?» дегенге барып тірейтін болады.
«Ит піштіру» тақырыбы – Шымкенттің шенеуніктердің біразға дейін жүйкесін жұқартады-ау.