Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:17, 17 Қаңтар 2023

Ит құрлы жоқпыз ба?

None
None

Итіне дейін құқығы қорғалған қазақ қоғамында қарапайым халықтың құқығын қорғау қиын болып отыр.

Соның дәлелі былтыр қаңтар оқиғасы кезінде үйінен нан алуға немесе дәрі іздеп шығып, көшедегі қаңғыған оқтан қаза болған талай жанның өлімі сұраусыз қалды. Өткен аптада мәжіліске қаңтар оқиғасына орай сұрақтарға жауап беруге келген Бас прокурор да, тіпті, депутаттар да сол қарапайым жандар туралы еш сөз қозғамады. Айдын күннің аманында не болғанын түсініп үлгерместен қаза тапқан жандардың туыстарына, олардың артында жетім қалған балаларына ешкім ештеңе түсіндірмеді де. Тіпті, қоғамда солардың өлімін ұмыттыруға тырысатындай елемеу, назардан тыс қалдыруға тырысу байқалады.

Ал енді былтыр 2 наурыздан бастап президент қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның негізінде иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинау, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қойылған. Тіпті, былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова «Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте, жануарларды аулаудың үлгілік қағидаларының жобасы аясында иесі бар екенін білдіретін белгілері бар жануарларды стерильдеуге тыйым салу жоспарланған», деді. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар», деген қазақтың ешкімнен сұрауы жоқ па сонда?! Аталмыш заң күшіне енгелі талай рет иттерге үлкен кіші таланып жатса да еш қайран қыла алмадық. Қабылданып кеткен заңның алдында халықтың құқығын қорғай алмай  дәрменсіздік таныттық. Балалар жылында жүздеген бала итке таланып, тіпті, ақтөбелік бір жасөспірім қаңғыған иттің құрбаны да болды. Адам өлсе өлсін, ит аман болса болды дегендей, міз бақпадық. Неткен сорлы қоғам едік… Осыдан соң қоғамымызда адамнан гөрі иттің құқығы жоғары демеске шара жоқ!

Хош, кеше ғана талдықорғандық үш жасөспірім қыздың бір қызды соққыға жыққан видеосы әлеуметтік желіге таралып кетті. Желідегі жұртшылық шулап жатса да арыз түспегенін желеу етіп, құқық қорғау орындары іс қозғауға асықпады. Кейін заңгерлер мұндай жағдайда кәмелетке толмаған жанның құқығы арнайы арыз түспесе де қорғалуы тиіс екенін айтып, мәселе көтерген соң ғана сең қозғала бастады. Сонда тәуелсіз заңгерлер айтпаса, мәселе көтермесе, адам құқығын қорғамайтын құзырлы орындардан не қайран?! Бұл еліміздегі осындай жүздеген қорғансыздың басындағы жағдай деуге болады. Көпшіліктің назарына ілікпесе, құқығы бұзылып, күштінің илеуіне көніп жатқан оқиғалар өте көп.

Тағы бір мысал. Жақында ғана полицейлердің лифтіде төрт жасар қызының көзінше әкесіне күш көрсетіп, оны дедектетіп алып бара жатқан видеосы тарады. Бала үшін туған әкесін өзгелердің ұрып-соғып, күш көрсетіп жатқанын көргеннен өткен ауыр азап жоқ. Сол бір сәттер санасында жазылып қалған сәбидің ертеңге күні осы елді қауіпсіз деп тұратынына, мемлекетке деген санасында ыза қалыптаспасына кім кепіл?! Адам құқығы аяқасты болғанын көре тұра, еліміздегі адам құқығын қорғауға тиіс қаншама мекемелер үнсіз қалды. Көрсе де көрмегенсіді. Заңды белшесінен басқан құқық қорғау орындары да үнсіз. Күдікті болған күннің өзінде құқық қорғау органдары алдымен заңға бағынып, заң аясында әрекет етуі керек емес пе?! Күдіктіні бас салып күш қолданып, азаптау керектігі қай заңда жазылған? Заң демекші, Ата заңымыздың 17-бабының, 2-тармағында «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатігездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды», деп анық жазылған. Ендеше, қаңтар оқиғасы кезінде азапталып, аяусыз соққыға жығылғандардың сұрауы кімнен?! Үтіктеген, тырнақ астына ине жүгірткен, ыстық суға пісірген адам ойына кіріп шықпас сұмдық әрекеттер, ең алдымен, құқық қорғайтындар тарапынан жасалынған жоқ па?! Ендеше, оны неге ашық мойындап, енді қайталанбасына ешкім кепіл бермейді? Демек, ешкім мұндай жағдайда сақтандырылмаған қоғамда бәріміз үреймен күн кешуіміз керек пе?! Конституцияның алғашқы екі бө­лімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделгенін мақтанышпен айтамыз. Алайда іс жүзінде халқымыздың құқығын қорғауға қызмет ете алмаса ол заңның барынан не пайда?! Жалпы, елімізде жазықсыз азапталып, құқығы бұзылғандарға қатысты жүздеген мысалдар келтіруге болады.

Нақты дерекке жүгінсек, былтырғы жылдың қаңтар-қазан айларында ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы 873 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген екен. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал тіркелмей қалғаны қаншама?! Осы орайда жаңа Қазақстаннан, ең алдымен, сұрарымыз халықтың құқығы тиісті деңгейде қорғалсыншы! Конституциялық тұрғыдан кепілдендірілген құқығымыз аяқасты болмасыншы. Өзгерісті, ең алдымен, осыдан бастасақ екен...

Тегтер: