IT саласы қазаққа жат емес

Қазіргі қоғамда халықтың өмір сүру деңгейін оңтайлы етудің бірден-бір жолы ол өркениетті елдердің ізінен қалмай цифрландыру жүйесін үздіксіз дамытып отыру маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 100 мың жоғары білікті IT маманын дайындау қажеттігі туралы міндет қойған болатын. Бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына деген сұраныс та біршама арта бастаған.
IT саласын дамыту үшін елімізде түрлі жобаларды кешенді түрде іске асыру жүргізіліп келеді. Мәселен, цифрлық даму министрлігі отандық, цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөлген еді. Жоба негізінде жаңа немесе жетілдірілген өнім шығаратын компанияларды қолдау мақсатында оларға көмек көрсетіледі. IT жобаларға нәтижелі жұмыс жасай алатын инвесторларды әзірлеу және отандық стартаптарды дамыту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Елдің цифрлық дамуына үлес қосатын 100 мың жоғары білікті IT мамандарын дайындау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше іс-шараларды жүзеге асыруды қолға алған. 20 заманауи бағдарламалау мектебін ашу және IT бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант беру жұмыстары жүргізілуде.
Еліміз бойынша цифрлық жүйемен жұмыс жасау жаңа қарқынға ие болып келеді. Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылып құжат тасып жүрмей-ақ үйде отырып құжатқа қатысты шаруаңызды тындыруға мүмкіндік жасалған. Бұл қағазбастылық пен бюрократтық жүйеден және ұзын-сонар кезектен қажыған жұртқа үлкен қолдау болып отыр. Тіпті интернеті тартылған алыс аудан, ауылдардың кейбірі мұндай жобаның пайдасын көре бастаған. Сонымен қатар цифрлық саланы дамыту IT мамандарын даярлау мақсатында 2022 жылдан бастап еліміздің әр аймағында Terricon school заманауи бағдарламалау мектептері ашыла бастады. Мұнда әр түрлі жастағы оқушылар цифрлық саланың қыр-сырын толық меңгеру үшін білім алады.