Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:48, 15 Қыркүйек 2020

IT саласына ден қойған

None
None

Сыр елі цифрландыру бағытындағы үмітін ІТ паркке артып отыр

Мемлекет басшысының жуырдағы жолдауында IT нарығын дамыту, цифрлық платформаны пысықтау, инвестиция тарту мәселелеріне басымдық беру туралы айтылған еді.

Елімізде Билл Гейтс немесе Стив Джобс болмаса да, олардың ізбасарлары болуға лайық жігіттер жоқ емес. Мәселен, Қызылордадағы IT орталықтың мамандары мықты жобалар ұйымдастырып, өңірдің цифрландыру бағдарламасына өзіндік үлесін қосуда. IT саласынан Қазақ елі де қалыс қалмауы қажет деген пікірді ұстанатын жастарымыз гаджет біткенді меңгеруге терең ден қойған.

— Президент жолдауында IT технологиясын дамытуды тапсырды. Біздің IT парк базасын Қызылорданың хабы деп айтуға болады. Бұл бағытта көзге көрінетін біраз жұмыстар жасап жатырмыз. Сонын бірі – «Жас маман» жобасы. Жобаға 80-ге жуық баланы жұмысқа тарттық. Оларды алдымен осы жерде оқытып, үйретіп, мемлекеттік мекемелерге, мектептерге, университеттерге жұмысқа орналастырдық. Қызылорда облысын цифрландыру бағытында үлкен үміт ІТ паркке артылып отыр. Осы жерден көптеген технологиялық жобаларды шығару мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, – дейді IT парк орталығының директоры Алмат Қуанышбаев.

Бүгінде IT парк технологияға біртабан жақын жастардың бас қосатын орталығына айналды. Технократ болуға талаптанған жас көп. Тіпті сұраныс ұсыныстан асып түскен. Келушілердің ғимаратқа сыймай отырған жайы бар. Идеясы бар жастардың көп болғаны қуантады. IT парк облыстың цифрландыру бағдарламасына да сүбелі үлес қосып отыр. Халықаралық IT орталықтарымен де жақсы байланыс орнатқан.

Ойынқұмар геймерлерге өзінің жаңа жобасын әзірлеп, күні ертең жарыққа шығаруға дайын отырған жастың бірі – Бек Қази. «Ойын шығаруымызға бір жыл уақыт кетті. Осы айдың соңына қарай релизге шығарсақ па деп отырмыз. Оны бітіріп, келесі жобаға кірісіп кеттік. Андройд платформасында 3D платформерде болады. Ойынның аты KARE 7 деп аталады», – дейді Desab studio резиденті Бек Қази.

ІТ парк мамандары жастарды 3D студиясы, графикалық станция, 3D сканер, трекерлер бағдарламаларымен жұмыс істеуге үйретуде. Қазіргі таңда 70-ке жуық жас өз білімдерін дамытуда.

ІТ парк орталығының өкілдері облыстық цифрлық даму басқармасымен бірге іргелі жобаларды іске асыруға атсалысуда. Жоспарларында жаңа ғимаратқа көшу, технологиялық тұрғыда өсу, президент айтқан міндеттерді орындау мәселесі тұр.

Тегтер: