Ит те өз тілінде үреді
«Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр?
Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?» Бұл жанайқайды осыдан бір ғасыр бұрын қазақтың қайраткері Мұстафа Шоқай айтқан. Бірақ аталған мәселе күні бүгінге дейін өзекті болып тұр. Сонда мәселе халықта ма, жоқ әлде билікте ме?
Мүмкін, біз орысшыл шығармыз. Бірақ бұлай деп кесімді пікір айту мүлде дұрыс емес. Қазақстанда қазақтың саны 70 пайыздан асқан жағдайда, бәрі де жаңғырып, жаңаруы тиіс еді ғой. Бірақ біздің билік әлі де солтүстіктегі көршіміздің көңіліне қарап өмір сүреді. Мүмкін, олар «Қазақстанда ұлтшылдық белең алып келеді» деп әдейі айтатын Мәскеудің саясаткерсымақтарының сөзінен үрейленетін шығар. Үрей бар жерде үміт өледі. Сондықтан ресми Астана ұлтқа қатысты мәселеде ұтылмауы керек.
Жалпы, Қазақстанды орыстандыру саясаты осыдан екі ғасыр бұрын айқын әрі ашық жүргізілді десек, артық айтқандық емес. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторы болып тағайындалған Константин Кауфман не істеді? Ол 1874 жылы Түркістан округінде 4 гимназия, 60 мектеп және кітапхана ашты. Түркістан округінде шексіз билікке ие болған ол Орталық Азияны отарлау саясатын дәйектілікпен жүргізді.
«Қазақия деген мықты мемлекетті құрту үшін олардың ұрпақтарын орысша оқыту керек. Сонда олар өз рухани құндылықтарынан ажырап, ойлау қабілеті өзгеріп, ұлт болудан қалады».
Міне, қазақ даласына келген генерал орыс адьютантының сөзі. Мақсатты түрде жүргізілген орыстардың әлегінен біз осы уақытқа дейін құтыла алмай келеміз. Көнбіспіз бе, жоқ әлде, шын мәнінде, тым орысшылмыз ба? Тіпті, қазіргі уақытта Украинаға соғыс ашып жатқан Путиннің саясатын айыптаудың орнына, оны қолдап жатқан қазақтың бар екендігін көргенде, тіпті, түңілесің.
Әлем ұлтсыздану процесіне қарсы күрес жүргізуде. ЖаҺандық қатерден ұлтын қорғаудың жолдарын қарастыруда. Мұндай жағдайда бізге қайтпек керек? Қазақ болу арқылы ғана біз жаҺандық қауіпке қарсы тұра аламыз. Осыны түсінген болар, АҚШ-та тұратын қазақтар тілін, дәстүрін ұмытпау мақсатында Вашингтонда қазақ мектебін ашып жатыр.
– «Отандастар» қорымен арнайы жоба жасау үстіндеміз. Америка Құрама Штаттарында 100 мыңға жуық исі қазақ азаматтары бар. Ең үлкен шаңырақ – біздің елшілік. Біз «Әр қазағым – жалғызым» деп қараймыз, – дейді Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев. Қуанарлық жағдай және қостайтын мәселе.
Америкада қазақ мектебі ашылғалы жатқан уақытта өз еліміздегі кейбір қазақтың әрекетіне қайран қаласың. Осыдан бірнеше ай бұрын қыркүйекте оқу күні басталар уақытта Талғарда жаңадан ашылатын білім ордасын қазақ тілінде білім беретін мектепке айналдыруға бірқатар ата-аналар қарсы шықты. Талғар аудандық білім басқармасы орданы ақыры, аралас мектепке айналдырып жіберді. Қазір Алматының Наурызбай ауданында енді ашылатын мектепті де білдірмей, аралас етіп жіберу саясаты жасалынып жатыр. Осыған байланысты журналистер әлеуметтік желіде дабыл қақты. Таза қазақтар тұратын ауданда тағы да мектепті орыстандыру саясаты жүргізіліп жатыр ма? Бірлі-жарым Ресей тілінде сөйлейтін қазақтар орыс сыныбын ашуға жанталасып, шу туғызып жатыр. Біздің билік осы бірлі-жарым ата-анадан қорқады. «Путинге айтамын» дейтін қазақ та табылып жатқан болар. Жалпы, сұраныс қай тілде басым болса, мектеп сол тілде ашылуы керек қой. Бұдан шығатын қорытынды не? Тіл – тірлікте, түйткіл –билікте болып тұр ғой. Әйтпесе, мұқым қазақтар тұратын ауданда аралас мектеп ашу кімге тиімді? Тек – билікке. Олар осындай дүбәра қадам жасау арқылы өздерінің құлағы тыныш болғанын қалайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», — деп атап көрсеткені белгілі.
Ендеше, біз неге қорқамыз? Қалада өскен бала бәрібір орыс тілін біледі. Әңгіме орыс тілін білетін балаға қазақтың тілін мектепте үйретіп шығаруда ғой.
Еуропаны шарлап қайтқан Шымкентте тұратын белгілі драматург Сая Қасымбек кеше әлеуметтік желіде мынандай жазба жариялады. «Шетелде орыс тілі түкке жарамайды екен?! Бейшара орыс тіліне соғыс қатты ықпал етіпті. «Шетелдіктер түсініп тұрса да жауап бермей, ағылшынша сөйле» дейді. Айтқым келгені, баланың ағылшын тілін қосалқы тіл ретінде білгені дұрыс екен! Орысша мектепке беріп әуре болмай, оның орнына қосымша ағылшынға берсеңіз, жеткілікті екеніне көзім жетіп қайтты! Баяғы «орысша білмесең, нансыз қаласыңды» миымызға құйып ап, мәз боппыз. Ағылшынша білсеңіз, әлемде еш қиындықсыз саяхаттайтыныңызға 100 пайыз сене беріңіз». Бүгінгі қоғамның айқын шындығы осы емес пе? Ал біздің қаракөздер бүгінгі күні әлі ғылымның тілін орыстан іздейді. Заманауи жағдайға толық бейімділуіміз керек. Ғылым мен техниканың тілі – ағылшын тілінде болып тұр.
Жалпы, тілдің түйткілі халықта емес, биліктің жасаған әрекетіне байланысты. Бұл жасырын нәрсе емес. Осыдан бір-екі апта бұрын Қазақстанның кинотеатрларында «Аватар: Су жолы» фильмі көрсетіле бастады. Нәтижесінде, не көрдік? Аталған фильм қазақтілділер бара алмайтын қолайсыз уақытқа қойылған. Қазақтілді журналистер мен бірқатар қоғамдық ұйымдардың талап етуінен кейін аталған кино дұрыс уақытқа қойылды. Сөйтіп, қазақтілділердің қойған талабы орындалды. Онда да Мәдениет министрлігі араласқаннан кейін. Демек, әңгіме биліктің дұрыс саясат жүргізуінде болып тұр ғой.
–Украинада кинотеатрлар украин тіліне өтуі үшін үкімет, ең алдымен, салық жеңілдіктерін жасаған! Яғни украинша өнімге нөлдік салық жүйесі енгізілген. Мұны «салық дискриминациясы» деп қабылдауға болмайды. Ұлт, мемлекетті сақтау одан да жоғары нәрсе. Қазақстан үкіметі осыдан үлгі алуы керек, – дейді тәуелсіз журналист Кәмшат Тасболат.
Демек, мемлекеттік тілге, ең алдымен, биліктің көзқарасы дұрыс болуы керек. Шенеуніктер орысқұл мінезден арылуы қажет. Құл ғана қожайынының тілінде сөйлейді. Біздің атқамінерлер мына бір нәрсені түсінуі тиіс: Ит те өз тілінде үреді.