Италия – Қазақстанның Еуропадағы басты сауда серіктесі

2025 жылғы 18 шілдеде Астанада ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Италияның еліміздегі елшісі Антонелло Де Риумен кездесті. Дипломаттар екі ел арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтасты дамыту жайлы сөйлесті.
Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 33 жыл болды. 1992 жылғы тамыз айында екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойылған. Дәл сол жылдың қазан айында Қазақстанда Италия республикасының елшілігі ашылды. Ал 1996 жылы Италияда Қазақстан республикасының елшілігі ашылды. 2009 жылы Италия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы мемлекетаралық келісімшарт жасалды.
Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық байланыс қарқынды түрде дамып келеді. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 20 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайыз артты. Оның ішінде экспорт – 18,7 млрд, импорт – 1,3 млрд доллар болды. Ал биылғы қаңтар мен мамыр аралығындағы тауар айналымы 7,3 млрд долларға жетті.
Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктесі әрі ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. Қазақстанда Италия капиталының қатысуымен 250-ден аса компания жұмыс істеп тұр. Жалпы инвестиция көлемі 7,6 млрд долларға жуықтайды. Оның үстіне Қазақстан экспортының 23 пайызы Италияға бағытталған (2025 жылғы қаңтар мен мамыр арасындағы есеп). Бұл көрсеткіш бойынша Рим бірінші орында тұр.
Екі ел БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізуге дайын. Сондай-ақ Астана мен Рим жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерде де ортақ тіл табысып отыр.
Қуан Өмірхан