Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Италия Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайту үшін Қазақстанмен серіктестік нығайтпақ па?

1
censor.net

Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Орталық Азияға сапары туралы италиялық ақпарат құралдары қызу талқылауда. Бұл сапардың стратегиялық маңызы ерекше екені айтылып жатыр. Италия жаһандық геосаяси шиеленістер аясында Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайту үшін жаңа серіктестіктерге ұмтылып отыр.

Мелонидің жақында АҚШ-қа жасаған сапары Италия парламентінде қызу пікірталас тудырған болатын. Осыдан кейін ол Самарқанд пен Астанаға жол тартады. Бұл сапардың негізгі мақсаты — Италияның аймақтағы саяси және экономикалық ықпалын арттыру.

Италия үшін Орталық Азия ерекше маңызға ие болып тұр. Себебі Еуропа одағы Ресей мен Қытайдан келетін шикізат тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстанда жуырда табылған сирек жер металдарының — церий, лантан, неодим және иттрий кен орындары Рим үшін аса қызықты. Бұл элементтер қорғаныс өнеркәсібі, цифрлық технологиялар және жасыл энергетика салалары үшін өте қажет.

Сондай-ақ, Еуропа одағы аймаққа 12 миллиард еуро көлемінде инвестициялық пакет бөліп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға кіріскен. Бұл дәліз Еуропа мен Азияны Кавказ бен Каспий теңізі арқылы, яғни Ресей аумағын айналып өтіп байланыстырады. Мелони осы мүмкіндікті пайдаланып, Италияны Еуропа мен Орталық Азия арасындағы басты делдалға айналдыруды көздеп отыр. Дегенмен бұл бағытта Ресей, Қытай және АҚШ-пен бәсеке де күшейе түспек.

Италияның ішкі саяси алаңында Мелонидің сыртқы саясаты АҚШ мүддесіне тым тәуелді деген сындар айтылып келеді. Осы сапар — сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтау әрекеті ретінде де қарастырылуда.

Жоспарға сай, Джорджа Мелони 26–27 сәуір күндері Қазақстан астанасына келеді. Бұл сапар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен жүзеге аспақ. Астанада «Орталық Азия — Италия» атты алғашқы саммит өтеді. Бұл жиында тараптар стратегиялық әріптестікті дамыту жолдарын талқылайды.

Тегтер: