Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:30

Италияда 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындары аяқталды

Параолимпиада
Фото: Olympics / Milano Cortina 2026

Италияның Кортина-д’Ампеццо қаласында орналасқан «Стадио олимпико дель гьяччо» стадионында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті.

Мәдени бағдарлама Италия өнеріне және Милан мен Кортина өңірлерінің сұлулығына арналды. Аренада музыка, жарық инсталляциялары мен әртістердің өнер көрсетуі қамтылған ауқымды шоу ұйымдастырылды. Музыка, би және визуалды эффектілер арқылы спортшылардың жетістіктері мен жарыстың атмосферасы көрсетілді.

Салтанатты рәсім барысында ұйымдастырушылар жарыстың қорытындысын шығарып, спортшыларға қатысқаны үшін алғыс айтты. Соңында дәстүр бойынша Паралимпиада алауы өшіріліп, бұл ойындардың ресми түрде аяқталғанын білдірді.

Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс спортшылар тағы да паралимпиадалық қозғалыстың күшін дәлелдегенін атап өтті.

«Сіздер әлемге қабілет адамның мүмкіндігімен емес, табандылықпен, батылдықпен және жетістікке ұмтылыспен анықталатынын еске салдыңыздар. Бұл ойындар спорттың адамдарды құрмет, әділдік және адам жетістіктері арқылы біріктіре алатынын көрсетті», — деді ол.

Салтанат барысында келесі қысқы Паралимпиада ойындарына эстафета табысталды. Олар 2030 жылы Франция Альпісінде өтеді. Ал 2028 жылғы жазғы Паралимпиада ойындары Лос-Анджелесте ұйымдастырылады.

Медаль есебі

Жалпы медаль кестесінде:

  • Қытай – 15 алтын, 13 күміс, 16 қола (1-орын);

  • АҚШ – 13 алтын, 5 күміс, 6 қола (2-орын);

  • Ресей – 8 алтын, 1 күміс, 3 қола (3-орын).

Қазақстан құрамасы медаль кестесінде 18-орынмен аяқтады. Ел қоржынына екі медальды Ербол Хамитов салды:

  • парабиатлоннан алтын,

  • парашаңғы жарысынан қола медаль.