Италиядан тас әкеліп, құлпытас қою немесе Қазақстандағы зәулім зираттар
2017 жылы елімізде діни рәсімдер үшін бірыңғай стандарт енгізу туралы бастама көтеріліп, 2020 жылы Мүфтият тарапынан бірыңғай зиярат және зират мәдениеті бекітілген.
Бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның әр аймағында діни рәсімдер түрліше өткізіліп, тіпті соның салдарынан дін өкілдері, азаматтар мен дін қызметкерлері арасында түрлі дау туындап жататынын көріп жүрміз. Ал молалардағы күміс жалатылып, алтынмен апталған күмбезді зираттар мен зәулім құлпытастардан көз сүрінеді.
Еліміздің 20 облысында тәулік бойы салттық қызмет ететін «Қамқор – Шарапат» ЖШС басшысы Мейрамбек Қабылбекұлы халықтың 90%-ы әлі күнге дейін құлпытас салу мәдениетінде бірізділік сақтамай, ысырап пен дарақылыққа жол береді дейді.
«Халықтың 90%-дан жоғарысы әлі де сол күйінде ысырапшылдыққа жол береді. Мәселен, БҚО-да тастарын үлкен қылып тұрғызып, төрт жағынан ай қойып, төрт құлақ деп әсемдейді. Зираттардың ішінде құлпытас емес, зәулім сарайлар ма дерсіз. Ақшасы бар кісілер арасында құлпытасты биік, үй сияқты салу жарысқа айналып кеткен соң Мүфтият жанындағы ғұламалар кеңесі зират және зират мәдениеті деген құжат қабылдады. Аталған құжатты республика бойынша мешіттерде имамдар насихаттады. Бірақ насихатпен ештеңе шешілмегендіктен, іске көшейік деп ЖШС ашып, ақылы қызмет көрсетуді бастадық. Әкімдікке қарасты зират әкімшілігі деген бар, сол кісілер жыл сайын әр өңір қабір қазып, жерлеп берудің құнын анықтайды. Қазақстанда әр қайтыс болған кісіге алты шаршы метр жер зираттар ішінен тегін беріледі. Жерді өздері қазбайтын болса, ақыршылардың құны Астана қаласы бойынша – 135 мың теңге. Бір секторымыз толды, қазір екінші секторда 200-дей кісі жерленген. Халыққа қазір құлпытас қою мәдениетін үйретіп жатырмыз. Отыз жылдан бері ритуалды қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлер көп. Бірақ олар халықтың сұранысын қанағаттандырып келеді», – деді орталық директоры.
Сауда экономика министрлігінің жерді реттеу ережесі бар, ережеде қайтыс болған кісіге алты шаршы метр жер тегін берілетіні және марқұмның құрметіне арнап ескерткіш ретінде қойылған құлпытасы алты шаршы метрдің үстіне ғана салу қажеттігі жазылған.
«Екі зираттың ортасына бір метр, бас жағынан 50 cантиметр жер қалуы керек. Біз сол заң талабы мен шариғаттың талабын орындаймыз. Талап бойынша құлпытастың өзі бір метрден аса көтерілмеуі керек және онда марқұмның аты-жөні, туған жылы мен қайтыс болған уақыты жазылуы керек, суреттер салынбауы керек. Өкінішке қарай, жоғарыда атап өткенімдей, халықтың 90%-дан астамы әлі де сол көз үйренген дәстүрмен үлкен зираттар салып жүр. Біз қадағалап, ережені бұзғанды жазалайтын құзырлы орган емеспіз. Заң мен шариғат талабына сай бекітілген ұсыныспен ғана жұмыс істеп келе жатырмыз. Біздің қызметке мәйітті жуындыру, көлікпен алып келу, мәйітті мешіт жанындағы жаназа орталықтардағы тоңазытқышта сақтау кіреді. Жаназа сақтау орталығында мәйітті сақтауға жаздың күні адамдар жүгінеді, біздегі үйде түнеу дәстүрі бар, ұзақтан келетін туыстарын күтеміз деп иістендіріп алмас үшін осындай орталық құрылды. Мәйітхана емес, жаназа орталығы. Мәйітті бір күнге сақтау – 10 мың теңге. Орталыққа түскен қаржыдан салық төлейміз, мәйітті жуындырып, ақымдайтын адамдарға айлық береміз. Бізде қаладағы ең төменгі баға. Кейде нәрестелерді, туыстары жоқ марқұмдарды тегін жерлейміз. Біздің мақсат – зират көтерудегі бірегейлік мәдениетін көтеру. Бүгінгі таңда еліміздің он облысында Мүфтият IT компаниялармен бірігіп, зираттарды цифрландыру жұмысын жүргізіп жатыр. Ол арқылы республикадағы зираттардың қайсысында бос орын бар, марқұмдар туралы ақпараттар салынады. Ата-бабасының қайда жерленгенін таппай қалған адамдар сол жүктемені жүктеп, 2Gis арқылы көретін болады», – дейді Мейрамбек Қабылбекұлы.
Елордадағы ритуалды рәсім көрсететін «Мазар астана» орталығына хабарласып көрген едік. Мәйітті тасымалдау қызметінен бастап, ас өткізуге дейін көмектесетін орталықтың шебері Айдын қымбат құлпытастар әлі де сұраныста екенін жасырмады.
«Қазір адам жерлеудің нарықтағы орташа бағасы – 400-500 мың теңгенің арасы. Оған жер қазу мен құлпытас, қоршауы кіреді. Қазір мәрмәр мен караттың құны қымбат, граниттен, ағаштан, пластмассадан жасататындар да бар. Зираттарды фундаментінен бастап тасын қалап, айшықпен безендіріп, толық қоршау – 500 мың теңгеден басталып, 3-5 млнға дейін барады. Астанада қымбат тапсырыстар көп. Үш жыл бұрын бір үлкен қызметтегі кісі ұлының зиратына Италиядан тас алдырып, құлпытас қашатқан. Құлпытастардың жасалу мерзімі тапсырысқа, тасына байланысты. Көбіне көп қымбат тапсырыстар өзіміздің қазақтардан түседі, орыстар көбін табытқа тапсырыс береді. Табыттың ағашына, безендірілуіне байланысты бағасы бәленбай миллионға кете береді. Қазақтарда суретін салу, өлең арнау деген сияқты өтініштер көп. Қысы-жазы тапсырыс тоқтамайды. Орталық мәйітті жеткізу қызметінен бастап кремацияға дейін жасайды. Астанада алты-жеті ай қыс, жер қатты. Адамдар өздері қаза алмайтындықтан, жұмысшыларды жалдау қызметіне жиі жүгінеді. Өлімге тоқтау жоқ, жақындары төсек тартып жатқаннан бастап хабарласатындар көп. Қалалы жерде көп жағдайда кафе, мешіт асханаларында ас береді. Астанадағы қазақтардың көбі орыстанып кеткен соң, біздің қызметтерімізге жүгінеді. Кебінге дейін орталық қызметкерлеріне тапсырыс беріп жатады. Сондықтан бұл да бір үлкен бизнес», – деді Айдын.
Қалалық әкімдікке қарасты зират әкімшілігінің мәліметінше, Астана қаласында бүгінгі таңда 28 зират бар. «ҚР Жер кодексіне» сәйкес зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста және ол үшін 5-6 шаршы метр жер тегін беріледі. Халық тек жерлеу қызметін төлейді.
Биыл Қазақстанда жерлеу қызметінің орташа құны 13% пайызға қымбаттады. Finprom мәліметінше, 2024 жылдың наурыз айының соңында жерлеу қызметтері айына 0,1% және өткен жылдың өзінде бағаның 24,6% өскеніне қарамастан, жылына тағы да 13% өсті. Бірақ еліміздің жеті облысында баға мүлдем өзгермегенін айта кеткен жөн. Жерлеу рәсімі Батыс Қазақстан облысында бір жылда 39,4 пайызға қымбаттады. Одан кейін Абай және Ақмола облыстары: 30,5 және 30,3 пайызға өсті. Жерлеу қызметтері ең аз қымбаттаған өңірлер – Жамбыл облысы мен Алматы: 1,2 және 1,7 пайызға өскен. Шымкентте бір жылда баға 10,1 пайызға өсті.
Айжан Қалиева
Астана қаласы